Министр Қазақстандағы АЭС құрылысын қаржыландыру туралы пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстандағы АЭС құрылысын қаржыландыру схемасы туралы айтып берді.

Нурлан Байбазаров
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

«АЭС құрылысы еліміздегі ең ірі инвестициялық жоба болады. Біз жобалық қаржыландыру схемасын қарастырып жатырмыз. Мемлекет тек жобаның табысты өтелуіне қажетті экономикалық жағдайларды жасау бойынша қатысады. Бұл коммерциялық жоба, ол өзін-өзі ақтауы керек. Әлемде мұндай жобалар салынып жатыр, және инвесторлар оған қаржы салады», - деді Нұрлан Байбазаров Үкіметте өткен брифингте.

Сондай-ақ, министр бұл жобаның «консорциум қатысатын жобалық қаржыландыру» болатынына үміт білдірді.

«Әлемде бірде-бір қаржы институты мұндай соманы жалғыз өзі бермейді. Біздің міндетіміз — сәйкес тарифтер арқылы, тұтыну кепілдіктері арқылы жобаның экономикасын қамтамасыз ету. Жоба құнына келетін болсақ, бұл барлық тараптардың міндеттері мен құқықтары, соның ішінде жобаның қымбаттауына қатысты мәселелер де қарастырылатын шарт болады деп ойлаймын. Қазіргі уақытта біз бұл мәселелерді мердігер тарапына жүктеп жатырмыз, себебі олар жобаны есептеген кезде бұл тәуекелдерді ескеруі керек. Осы сын-қатерлерді барынша азайтуға тырысамыз деп үміттенемін», - деп толықтырды Нұрлан Байбазаров. 

Айта кетейік, Орталық референдум комиссиясы 6 қазанда өткен республикалық референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады.

Оған сәйкес, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы немесе 5 561 937 адам Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін қолдады. Ал қарсы дауыс бергендер саны – 2 045 271 адам.

Соңғы жаңалықтар