Министр оқушылар арасындағы әлімжеттік жөнінде: бұл оқиғалар көбіне мектептен тыс болады
АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептегі әлімжеттік пен буллинг мәселесіне пікір айтты.

- Қоғам болып жатқан ахуалға өте жіті мән беретінін көріп отырмыз. Дейтұрғанмен, осындай оқиғалардың бірнеше есе төмендегенін айта аламыз. Қазір түрлі бағдарламалар, балалардың қауіпсіздігіне қатысты Үкіметтің жоспары қабылданған, сондай-ақ буллингке қатысты бірқатар жоба енгізілді. Бұлардың барлығы білім саласындағы мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етіп отыр. Атап айтқанда, осы жұмысты ары қарай күшейтуіміз керек. Жалпы, жақсы көрсеткіштер бар, деді Ғ. Бейсембаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігіне қатысты болып жатқан оқиғалар Оқу-ағарту министрлігінің назарынан тыс қалмайды. Әрбір оқиға жіті зерттеліп отыр.
- Өйткені бұған түрлі жағдай әсер етуі мүмкін. Кез келген оқиғаға біржақты қарауға болмайды. Ішкі істер министрлігі тарапынан мектептерге белгіленетін қызметкерлер санын арттыру мәселесін көтеріп отырмыз. Себебі қазір көп жағдай мектептің ішінде емес, сыртында болып жатыр. Мектептен тыс жерде мұғалімдер кезекшілік жасамайды ғой?! Сондықтан бұл мәселеде учаскелік инспекторлардың санын көбейту маңызды, - деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Семейде жасөспірімдер алтыншы сынып оқушысын соққыға жыққаны хабарланған.
Ал наурыз айының басында Семей қаласында бірнеше жеткіншек жабылып сабаған 6-сынып оқушысына Қазақстан халқы ақша жинастырып, пәтер алып бергені мәлім болды.
Бұдан бөлек, биыл қаңтар айында Оралда мектептегі әлімжеттік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Сонымен қатар, қазақстандық отбасылық психолог, психотерапевт Серікгүл Сәли мектептегі буллинг, қысымды тоқтатудың жолдарын атады.