Министр: Судың «қара нарығы» бар екені рас
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында депутат Ерлан Сайыров «Қазсушар» мекемесінің менеджментін сынады.

— Өңірлерге барған кезде осы мекеменің азаматтары жергілікті халыққа суды заңсыз береді деген ақпарат бар. Осы мәселені қашан жоясыздар? Жылына су ресурстарының 40 пайызы заңсыз кетеді екен. Бұл қалай? Ірі жобаларды іске асырмас бұрын бар суды шаруашылыққа үнемді пайдалану мәселесін көтеруіміз керек. Сіздер әлі күнге дейін бар суды үнемдеу механизмін реттеген жоқсыздар, — деді ол.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов судың заңсыз саудасы толық жойылмай тұрғанын мойындады.
— Қара нарыққа байланысты айтқаныңыз рас. Бүгінгі таңда бүкіл республика көлемінде «Қазсушармен» келісімшарт жасамай, суды алу деген мәселелер бар. Біз оны қалай шешіп жатырмыз? «Қазсушар» мекемесімен қазір келісімшарттарды жасауды электронды форматқа көшіруге кірістік. Себебі электронды түрге көшірсек, қадағалау мәселесі реттеледі. Одан бөлек өзіміздің ақпараттық талдау орталығы арқылы шаруа қожалығы суды келісімшартқа сай алды немесе көп алды, кассаға қанша ақша түсті немесе түскен жоқ деген мәселеге ғарыштан мониторинг жасауды енгізейін деп жатырмыз. Ол жалпы 100 пайыз проблеманы шешпейтін шығар. Бірақ бізге үлкен құрал ретінде жәрдем көрсетеді, — деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, министр Су кодексі күшіне енгенде бұрын инспекциялар атқарып келген жұмыстар арнайы комитетке берілетінін, бұл да қадағалауды бір жүйеге түсіретінін айтты.
Айта кету керек, Каспий мәселесін шешу аясында Қазақстан Ресейге Еділ суын бірлесіп реттеу туралы ұсыныс жасамақшы.
Осыған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Қуандық Қажкенов Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Астананың сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобалардың құнын атады.
Сонымен қоса Су ресурстары министрі іске қосылатын ірі жобалар туралы айтып берді.