Министр жылыту маусымына дайындықты бастамаған кәсіпорындарды сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алдағы жылу маусымына дайындық барысымен таныстырды.

«Электр станцияларын жөндеу графигіне сәйкес 2024 жылы 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Олардың кейбірінде қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, ал кейбірінде жөндеу аяқталды. Биыл электр желілерінде жалпы ұзындығы шамамен 20,8 мың шақырым электр беру желілерін, 423 бірлік жоғары вольтты кіші станцияны күрделі жөндеу жүргізгелі отырмыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ведомство басшысы жылыту маусымына дайындықты кеш немесе әлі бастамаған кәсіпорындарды сынға алды.
«Риддер жылу электр орталығында №5 қазандықты жөндеуді бастау керек, оны жөндеу әлі басталмаған. Белгіленген мерзімде циркуляциялық су құбырын ауыстыруды, №4 турбинаны жөндеуді және күл үйіндісін тазалауды аяқтау маңызды. Екібастұз жылу электр орталығында жөндеу жұмыстарының басталу мерзімі мамырдан маусымның үшінші онкүндігіне ауыстырылды. Биыл қыркүйекке дейін 4 су жылыту қазандығына жоспарланған жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет. Теміртаудағы екінші жылу электр орталығында «Qarmet-тің» №1 (бірінші) қазандығын жөндеуді бастау мерзімі маусымнан тамызға айға шегерілді. Жұмыс көлемін қысқарту жоспарланып отыр. Жаңа №7 қазандықты салу жұмыстарын жеделдету қажет. Жезқазған жылу электр орталығында тиісті резервті қамтамасыз ету үшін № 5 (бесінші) қазандықты жөндеуді қыркүйекке дейін жеделдету қажет», - дейді ол.
Одан бөлек, Кентау жылу электр орталығында қазандықтарды реконструкциялау енді ғана басталған және Степногорск жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары кейінге шегерілген.