Министрдің бірінші орынбасары қыз зорлады деген күдікке ілінген полицейге қатысты пікір білдірді
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынған Талдықорған полиция басқармасының бастығына қатысты қозғалған іс бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Бұл іс бойынша тексеру жасалды. Кеше Жетісу облысының полиция басшыларына қатысты шешім жарияланды. Бұл оқиға бойынша ұятты жағдай анықталды, оны мойындау керек. Күдікті полицейдің ойында не жүргенін біле алмаймыз. Осыған дейін тексерістен талай өткен болатын, яғни біраздан бері қызметте жүрген адам. Бірақ осындай теріс әрекеті анықталып жатыр. Оның жауапкершілігі тергеу амалдары мен сот шешімі нәтижесінде анықталады», - деді М. Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Тілшілер аталған күдікті полицейдің бұған дейінгі теріс әрекеттері бойынша сұрақ қойды. «Бұған дейін де ол қарамағындағы қызметкерлерді балағаттап, басы дауға қалған болатын. Сол кезде ол неге қызметінен босатылмады?», - деп сұрады тілшілер.
Өз кезегінде М. Қожаев тиісті тексеріс барысында осындай жағдайлар анықталғанын айтты.
«Сол оқиға кезінде оның лауазымы төмендетілген еді. Одан кейін қызметін атқара келе, мына лауазымына тағайындалған», - деді министрдің орынбасары.
Облыс орталығының бас полицейі қызметін атқарған Марат Күштібаевтың қызметін асыра пайдаланып, жұмыс кабинетінде зорлық жасағаны жөнінде бұған дейін жазғанбыз. Осы оқиғаға бойынша жәбірленушінің адвокаты Нұрлан Молбаев зорлықтың қалай жасалғанын айтып берді.
Талдықорғанда қыз зорлады деген күдікпен ұсталған полицей қалалық мамандандырылған соттың санкциясымен екі ай мерзімге қамалды.
Сонымен қатар, Талдықорғанда болған соңғы резонанстық оқиғаға байланысты Ішкі істер министрі Ержан Саденов ІІМ орталық аппараты қызмет басшыларынан құралған арнайы топпен Жетісу облысына барды.
Кездесуде ІІМ басшысы Жетісу облысының полиция басшыларына қатысты қабылданған шешімді айтты. Осылайша облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов қызметінен босатылды.
Оның бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке қызметтік сәйкестіктің толық еместігі туралы ескертілді.
Облыстық департамент бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабек пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов те қызметінен босатылды.