Министрлік ақылы олимпиадаларға қатысты ұстанымын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Жеке ұйымдар ұйымдастыратын ақылы олимпиадаларға қатысты ата-аналар мен педагогтер арасында әртүрлі пікір қалыптасқан. Журналистер тарапынан қойылған «Неліктен кейбір мектеп мұғалімдері ақылы олимпиадаларға қатысуға үгіттейді?» деген сұраққа ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев жауап берді.

Комитет төрағасының айтуынша, министрлік арнайы бұйрықпен бекітілген олимпиадалар тізімін қалыптастырған. Бұл тізімге республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын, Қазақстан аумағында өткізіліп, жеткілікті абырой мен рейтингке ие болған олимпиадалар кіреді.
— Біз білім саласында әділдік пен ашықтықтың болғанын қалаймыз. Ресми тізімде бар олимпиадалар ғана мемлекет тарапынан қолдау табады. Алайда біз жеке ұйымдардың да олимпиада өткізуге талпынып жатқанын көріп отырмыз. Олар жарнама жасау арқылы мектеп мұғалімдері мен оқушыларды тартуға тырысады. Кейбірі тіпті балаларды ата-анасының есебінен шетелге апарып, түрлі байқауларға қатыстырады, — деді Қаныбек Жұмашев.
Оның айтуынша, министрлік ешбір жеке бастаманы шектемейді, дегенмен ресми түрде танылған білім жарыстарының нақты тізімі бар, және соған ғана мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
— Біз нақты ұстанымдамыз барлық олимпиадалар ашық форматта өтуі тиіс. Бірақ министрлік тек бұйрықпен бекітілген білім сайыстарына ғана жауапты. Жекелеген ұйымдардың бастамасына шектеу қоя алмаймыз, — деді комитет басшысы.
Бұған дейін Қазақстандық жасөспірімдер Еуропалық олимпиадада бақ сынап жүргенін жазғанбыз.