Мыңнан астам жастар Ұлттық архив ғимаратын аралады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық архивінде және ел өңірлеріндегі мұрағаттарда «Архив және болашақ ұрпақ» атты ашық есік күні өтті. Елордада мыңнан астам оқушылар мен студенттер ұлттық архивті аралап, құнды құжаттармен танысты.
Өткен жылғы іс-шарада ҚР Ұлттық архивіне 700-ден астам оқушы келіп, архивтің жұмысымен танысып, саяси қуғын-сүргін, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық, жастар қозғалысының тарихы, Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуы туралы еліміздің тарихы жөнінде мағлұмат алған еді.
«Биыл мыңнан астам баланың келетіні тіркелді, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Биыл бірінші рет Астана маңындағы ауылдардың оқушылары да өздері бастама жасап, автобус ұйымдастырып келді. Бұл бізді қуантады. Өткенін ұмытқан елдің болашағы көмескі болады. Болашақ жарқын болу үшін ата-бабаның жүрген жолын барлап, тұлғаларымызды тұғырына қондырып, ғалымның хатын, жақсының атын көздің қарашығындай сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз міндетті. Қазақстан егемендігін алып, еңсесін тіктеген соң тарихын түнедей бастады. Бүгінгі шараның маңызы – осы архивтік құжаттар арқылы жастарға ел тарихын танытып, патриоттық сезімін ояту», - деді ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова.
Оның айтуынша, архивте «Мәдени мұра», «Архив-2025» кешенді жоспарлары аясында еліміздің алыс-жақын шетелдерінен әкелініп жатқан тың деректер бар.
«Қазір 14-15 ғасырлардағы карталар елге жеткізілді. Алматы атауына да байланысты даулы пікірлер болған еді, соны да дәлелдейтін карталар табылды. Оған қоса, қорымыздағы 1154 жылы Ватиканның тапсырысымен салынған карта зерттеуге зәру, арабтанушы ғалымдар оны қарастыруы керек. Бұл картада елуге жуық қазақ мекені жазылған, мысалы Тараз атауы бар», - дейді архив басшысы.
Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері келді. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев тарих саласындағы тың деректерді түрлі креативті жолдармен насихаттау керегін айтты.
«Мен өзім депутаттық сауал жолдап, ұлттық киім күнін бекітуді ұсынған едім. Биыл Наурыз мейрамында бұл күн алғаш рет аталып өтті. Сондықтан да тарихымызды ұмытпауымыз керек, сабақ алу керек. Тарихын білген азамат бірінші кезекте елін сүйетін, жерін сүйетін патриот болады. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсеновтей батырларымыздың еңбегін оқыған адам отанына опасыздық жасамайды. «Отанды сүю отбасынан басталады» дейді, соның барлығы тарихпен ұштасып, тарихпен тұтасып жатыр», - деді депутат.
Ашық есік күнінде Руна және көне түркі дәуірінен бастап, бүгінге дейінгі жазба мұраларының тарихымен және қолжазбаларды реставрациялау, сканер технологиясын қолдану арқылы құнды құжаттарды цифрлау, жұмыстарымен таныстыру, әдеби викториналар мен интелектуалды ойындар өтеді.
Айта кетейік, елімізде құжаттарды сақтайтын 236 мемлекеттік архив бар. Соның ішінде 5 республикалық, 5 арнаулы, бір Президент архиві және 225 облыстық, қалалық, аудандық архивтер бар. Республика бойынша 3500-ге жуық архив қызметкері жұмыс істейді.
Архив қоры жыл сайын орта есеппен 16 мыңнан астам ұйымның 300-400 мың істерімен толықтырылады. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық архив қорында 27,5 миллионнан астам құжат сақталған.