Минскіде өткен сауда миссиясы нәтижесінде 5 млн долларлық келісімшарт жасалды
АСТАНА. KAZINFORM – Минскіде өткен Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы қорытындысы бойынша қазақстандық және беларусьтік компаниялар арасында жалпы құны 5 миллион доллар болатын келісімшартқа қол қойылды.
Бұл құжат Ұлттық майлы дақылдар өңдеушілер қауымдастығы мен Беларусьтің «Дары полей плюс» компаниясы арасында жасалып, отандық өнімді сатып алуды көздейді.
Сонымен бірге тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, QazTrade пен Беларусь Ұлттық әмбебап тауар биржасы арасындағы меморандум тәжірибе алмасуға, қазақстандық кәсіпорындардың биржалық саудаға қатысуына және электрондық алаңдарды дамытуға мүмкіндік береді. Өңірдегі ең ірі спот алаңы саналатын Беларусь биржасында жыл сайын 500 мыңнан астам операция жасалып, жалпы айналым 4 млрд доллардан асады.
Сондай-ақ QazTrade пен Беларусь Ұлттық маркетинг орталығы арасында меморандум қабылданды. Құжат аналитикалық деректермен алмасуды, өнімдерді ілгерілетуге қолдау көрсетуді, серіктестер іздеуді, бизнес-миссиялар мен оқыту бағдарламаларын ұйымдастыруды қамтиды. Бұл қазақстандық өндірушілердің Беларусь нарығына шығуын жеңілдетеді және компаниялар арасындағы кооперацияны жүйелі етеді.
QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров миссия нәтижелері екі ел арасындағы сауда әлеуетін күшейтетіні жөнінде атап өтті.
«Қазақстан мен Беларусь кооперацияда үлкен әлеуетке ие. Тараптар жеткізілімдерді кеңейтуге, жаңа нарықтарды игеруге және бизнестің өзара іс-қимылын нығайтуға мүдделі», – деді ол.
Келіссөздердің жеке бөлігі өнеркәсіптік кооперация мәселелеріне арналды. Қазіргі уақытта тракторлар, ауыл шаруашылығы техникасы, автотехника және лифттер өндірісін қамтитын 11 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Минскідегі кездесуде карьерлік самосвалдарды жинау, құрылыс саласындағы кооперацияны дамыту және ауыл шаруашылығы кешенінде тауарлық-сүттік фермалар құру бағыттары талқыланды.
Сауда миссиясы барысында бизнес өкілдері бірнеше қосымша келісімдерге де қол жеткізді. «АстанаИнжКомСтрой» компаниясы «Изоком Пласт» кәсіпорнымен Қазақстанда армирленген құбырлар өндіру және өнім жеткізу туралы меморандум жасады. ARBA WINE беларусьтік «Бульбашь» зауытымен қазақстандық шарап жеткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал Ұлттық майлы дақылдар өңдеушілер қауымдастығы 5 млн долларлық негізгі келісімнен бөлек, «ПраймФортГрупп» ЖШС-пен де ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, бұған дейін Беларусь елінде Қазақстанның сауда үйі ашылатыны хабарланған болатын.