Мирзиёев жүн-тері, тоқыма салаларын Италиямен бірге дамытуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев тоқыма, жүн-тері, тамақ өңдеу салаларын «ОА — Италия» форматындағы технологиялық кооперацияның басым бағыттарына қосуды ұсынды.

— Италиядағы іскер қауымдастықтың елдің инновациялық дамуындағы орны орасан екенін ескере отырып, бизнес диалогына арналған «Орталық Азия — Италия» іскерлік клубы» тұрақты алаңын іске қосуды ұсынамын. Бұл клуб елдеріміздің сауда палаталарының жанынан жұмыс істеу керек. Кәсіпкерлер ортасы кеңінен қатысатын мұндай кездесулерді сауда-инвестициялық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашу үшін жыл сайын біздің астанамызда өткізуге болады, — деді Өзбекстан басшысы.
Сондай-ақ, ол кооперацияның бір орталығы Ташкент бола алатынын меңзеді.
— Минералды ресурстар мен ауылшаруашылық шикізатын терең өңдеу, электротехника, химия, тоқыма, жүн-тері, тамақ өнеркәсібі, құранды бөлшектер мен өнеркәсіп тауарларының өндіріс базасын жергілікті ортада оқшаулау, жетекші италиялық брендтерге негізделген дизайнерлік орталықтарын құру сияқты қайта өңдеу салалары кооперацияның басым бағыттары бола алар еді. Аймақтық мәнге ие жобаларды іске асыру үшін Ташкент өңірінде еуропалық операторлар басқаратын арнайы парк құруға кірістік. Кооперация жобаларын қолдауға Италияның мемлекеттік агенттіктерін, бірлескен инвестициялық қорларын тарту қажет деп топшылаймыз, — деді Шавкат Мирзиёев.
Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия — Италия» алғашқы саммиті өтіп жатыр.
Сондай-ақ, бүгін түске дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони Астана халықаралық форумының екінші күніндегі пленарлық сессияға қатысты.
Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Италия Премьер-министрі Ақордадағы келіссөз қорытындысы бойынша Стратегиялық серіктестікті кеңейту жөнінде Бірлескен мәлімдеме қабылдаған болатын.