Мысыр Трамптың Газа жөніндегі жоспарын қабылдау үшін ХАМАС-пен келіссөз жүргізіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторында соғысты тоқтату жөніндегі дипломатиялық белсенділік күшейіп келеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Мысыр Сыртқы істер министрі Бадр Абдельатти бейсенбі күні Парижде сөйлеген сөзінде Каир Қатар және Түркиямен бірге ХАМАС-ты АҚШ президенті Дональд Трамптың екі жылға жуық уақытқа созылған қақтығысты тоқтатуға бағытталған жоспарын қабылдауға көндіруге тырысып жатқанын мәлімдеді.
Ол Палестина қозғалысының Израильдің шабуылын жалғастыруына жол бермеу үшін қарусыздануы керектігін баса айтты.
— Күнделікті бейбіт адамдарды өлтіру үшін ХАМАС-ты сылтау ретінде қолдануға ешкімнің құқығы жоқ, — деп атап өтті министр.
Ол бұл жағдайлар 2023 жылғы 7 қазан оқиғаларынан әлдеқайда асып түсетінін қосып өтті.
Палестина денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, Израиль операциясы салдарынан анклавтың 66 мыңнан астам тұрғыны қаза тапқан.
Ақ үй осы аптаның басында атысты тез арада тоқтату, ХАМАС ұстаған тұтқындарды Израильдегі палестиналық тұтқындарға айырбастау, Газа секторынан израильдік әскерлерді кезең-кезеңмен шығару, қозғалысты қарусыздандыру және халықаралық жетекшілік ететін өтпелі үкіметті құруды талап ететін 20 тармақтан тұратын құжатты ұсынды. Трамп ХАМАС-қа жауап беру үшін үш-төрт күн уақыт берді.
Мысыр СІМ басшысы бұл жоспарды қолдайтынын растады, бірақ оны түзеу қажеттігін атап өтті.
— Әсіресе басқару мен қауіпсіздік саласында толықтыруды қажет ететін олқылықтар көп, — деді ол.
Оның айтуынша, Каир келісім орындалған кезде палестиналықтардың күштеп көшірілуіне жол бермейді.
— Көшіру болмайды, өйткені бұл Палестина ісінің аяқталуын білдіреді. Біз бұған ешбір жағдайда жол бермейміз, — деп қосты Абдельатти.
Өз кезегінде ХАМАС саяси бюросының мүшесі Мұхаммед Наззаль 2 қазанда Al Jazeera телеарнасына қозғалыстың ұсыныстарды талқылап, өз ұстанымын жақын арада жариялайтынын хабарлады.
— Біз құжатты Палестина халқының мүдделері тұрғысынан қарастырып жатырмыз, — деді ол.
АҚШ пен олардың одақтастары ХАМАС-тан оң жауап күтеді, алайда өңірде скептицизм сақталып отыр. Еуроодақ пен Ресей жоспардың қабылдануын жақтаса, Франция СІМ басшысы Жан-Ноэль Барро ХАМАС-тың жеңілгенін мойындауы керек екенін мәлімдеді.
Сарапшылар сондай-ақ бұл бастамаға Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр сияқты қайраткерлердің қатысуы араб әлемінде сенімсіздік тудырып, Иракқа сыртқы араласудың сәтсіз әрекеттерін еске түсіретінін ескертіп отыр.
Бұған дейін Израиль әскери-теңіз флотының кемелері Газа секторы үшін гуманитарлық жүк тиелген Флотилияны тоқтатқанын жазған болатынбыз.
Израиль Сыртқы істер министрлігі бейсенбі күні «Global Sumud флотилиясының арандатуы аяқталғанын» хабарлады.