Мысырда парламенттік сайлаудың алғашқы кезеңі басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Мысырда парламенттік сайлаудың басталуы елдің жаңа төменгі палата құрамын қалыптастыруға бағытталған саяси циклдің маңызды кезеңі болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

выборы в Египте
Фото: ahram.org

Дүйсенбі күні Мысырда Өкілдер палатасына — парламенттің төменгі палатасына — сайлаудың бірінші кезеңі басталды. Египеттің Al-Qahera News телеарнасы хабарлағандай, дауыс беру екі кезеңнен тұрады, ал жалпы сайлаушылар саны 63 миллионнан асады.

Сайлаудың бірінші кезеңі Александрия, Гиза, Луксор, Асуан, Файюм және Бени-Суэйф секілді 14 провинцияны қамтиды. Дауыс беру екі күн бойы 70 сайлау округіндегі 5606 сайлау учаскесінде өтеді.

Сайлауға 1287 кандидат қатысып жатыр: олардың 1143-і мажоритарлық жүйе бойынша, ал 142-сі партиялық тізім арқылы бақ сынайды.

Мысырдың Ұлттық сайлау комиссиясының деректеріне сәйкес, осы провинциялардағы тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 35 миллионнан асады. Ең көп сайлаушы Гиза провинциясында — 6,6 млн, Александрияда — 4,5 млн және Бехейрде — 4,3 млн адам.

Сайлау комиссиясының атқарушы директоры Ахмед Бендари сайлауға дайындықтың толық аяқталғанын мәлімдеді: учаскелерде азаматтардың ыңғайлылығы үшін QR-кодтар енгізілген және сайлау учаскесін табуға мүмкіндік беретін электрондық қосымша іске қосылған.

— Біздің мақсатымыз — дауыс беру үдерісін барынша ашық әрі азаматтар үшін ыңғайлы ету, — деді ол.

Мысырдың Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік жоспарының жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Ол күшейтілген полиция кезекшілігін, жедел әрекет ету топтарын және учаскелерде тәртіпті қамтамасыз ету үшін әйел полиция қызметкерлерін қамтиды. Денсаулық сақтау министрлігі 1300 жедел жәрдем көлігін және шамамен 4 мың медицина қызметкерін жұмылдырды.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуына ерекше көңіл бөлінген. Мүгедектер істері жөніндегі ұлттық кеңес сайлау учаскелерінің қолжетімділігін бақылау және ым тілі арқылы қолдау көрсету үшін жедел орталық ашты.

Мысыр парламенті екі палатадан тұрады — Өкілдер палатасы және Сенат. Төменгі палатада барлығы 596 орын бар: оның 568-і партиялық тізім мен жеке сайлау округтері арқылы тең бөлініп сайланады, ал 28-ін ел президенті тағайындайды.

Сайлаудың екінші кезеңі 24–25 қарашада қалған 13 провинцияда өтеді. Ал шетелде тұратын мысырлықтар 7–8 қарашада 117 елде дауыс берді.

Бірінші кезеңнің нәтижелері 18 қарашада, ал екінші кезеңнің қорытындылары 2 желтоқсанда жарияланады. Қазіргі Өкілдер палатасы 2020 жылдың соңында сайланған, оның өкілеттік мерзімі 2026 жылдың қаңтарында аяқталады.

Бұдан бұрын Израиль Мысырмен шекараның бір бөлігін жабық әскери аймақ деп жариялағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар