Мобильді төлем және мобильді аударым атты екі бөлек ұғым бар – министрмен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM – 1 қаңтардан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа кезеңі басталды. Енді заңды тұлғалар, кәсіпкерлер және олардың жұбайларына кірістері туралы деректерді тапсыру міндеттелді. Құжат 2021 жылы қабылданғанымен, көпшілік үшін бұл норма күтпеген жайт болды. Қызмет көрсету секторы мен кәсіпкерлер мобильді аударымдардан бас тартып жатыр. Осы және қаржы секторының өзге де өзекті мәселелері туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тарқатып айтып берді.

Жамаубаев
Фото: Видеодан алынған кадр

− Ерұлан Жамаубайұлы, 2021 жылдан бері жалпыға бірдей декларациялау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, компания басшылары осы декларацияны тапсырады. Енді бұл тізімге жеке кәсіпкерлер қосылды. Жалпы табысты, активтерді, мүлікті декларациялау кімді қамтиды және оның мақсаты не?

− Өздеріңіз білесіздер, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған үлкен реформалар жүзеге асырылып жатыр. Әділетті Қазақстан құрып жатырмыз, оның аясында жаңа экономикалық реформа курсы жүргізіледі. Оның аясында жалпыға бірдей декларациялау процесі 2021 жылы басталды. Негізгі мақсаты – көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықты біртіндеп жою және кімде қандай мүлік бар, қандай актив бар, қандай қаражат барын анықтап, әділетті әлеуметтік саясат жүргізу, әділетті салық кодексін қабылдау.

− Қазақстандықтарды алаңдатып отырған мобильді аударымдарды тексеру не үшін қажет болды? Бұл мемлекеттік қазынаға қаражаттың аз түсуімен байланысты емес пе?

− Жалпы мобильді төлемдер және мобильді аударымдар атты екі бөлек ұғым бар. Мобильді төлеммен кез келген кәсіпкерлік операциялар жүргізілсе, оған QR-код немесе кассалық аппараттар қолданылады, тиісінше чек беріледі. Ал мобильді аударым кезінде ондай QR-код қолданылмаса, кассалық аппарат болмаса, әрине мұндай операциялар заң аясынан тыс қалып, заңсыз саналады. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – осы мобильді аударымдарды заң аясына шығару.

Мобильді аударымдарды тексеру – бюджетке аз қаржы түсті деген сөз емес. Себебі, мобильді аударымдарды тексеру қазірдің өзінде белсенді жүріп жатыр. Қазір мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік қызметшілердің аударымдары бойынша бақылау жүргізіп отырмыз. Бірақ бірде-бір мемлекеттік қызметшіге немесе жалпылай декларацияға өткен тұлғаларға салықтық тексеру жүргізілген жоқ. Себебі, олар заң аясында аударымдарды жүргізіп жатыр. Егер бұл аударымдар кәсіпкерлік іске қатысы болса, әрине ондай аударымдар бойынша салық төленуі керек. Біз сондықтан олардың салық төлеу аясында заңды түрде жұмыс істеуіне жағдай жасап жатырмыз.

− Осы бастамадан соң кәсіпкерлер табысын жасыру үшін жаппай көлеңкелі бизнеске кетіп қалмай ма? Кейбір сарапшылар жаңа бастама экономиканың ашықтығына әсер етпейді деп отыр.

− Бұл жерде айта кететін негізгі мәселе – бізде жалпы кәсіпкерлердің басым бөлігі заң аясында адал жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да біз оларды көлеңкелі бизнеске кетеді деп ойламаймыз. Керісінше, біздің мақсатымыз – көлеңкелі экономикадан адал жұмыс істеуге шақыру, соларға жағдай жасау.

Бізде шағын және орта бизнеспен айналысуға толық мүмкіндік бар. Салық режимінің 1-4% аралығында бірнеше түрі бар – өзіңіз көріп отырғандай, өте төмен деңгейде. Сондықтан біз керісінше көлеңкеде қалып отырған немесе кәсіпкерлік ісінде мобильді аударымды қолданатын азаматтарды заң аясында жұмыс істеуге шақырып отырмыз. Бұл үшін біз цифрландыру құралдарын қолданамыз, e-Salyq Business мобильді қосымшасы бар. Соны смартфонға жүктеп, тиісті салық режимін қабылдап, заң аясында жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар.

− Статистика бойынша кәсіпкерлердің қанша пайызы көлеңкеде жүр? Соларды ашық бизнеске шығару үшін қанша уақыт керек?

− Жалпы көлеңкелі экономика – кез келген мемлекетте кездесетін құбылыс. Дамыған мемлекеттердің өзінде де көлеңкелі экономика бар. Жалпы статистика бойынша Қазақстандағы көлеңкелі экономика деңгейі қазіргі кезде – 18,8%. Соңғы 3-4 жыл көлемінде бұл көрсеткішті 27%-тен 18,8%-ке дейін төмендеттік. Енді біздің мақсатымыз – 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 14-15% деңгейіне дейін төмендету, яғни жалпы дамыған мемлекеттердің деңгейіне дейін осы жұмысты жүргіземіз.

− Салығын заңды түрде төлеп отырған адал кәсіпкерлерге ынталандыру, салық бойынша жеңілдіктер көзделген бе?

− Ондай жеңілдіктер бізде өте көп. Тек қана Салық кодексінің өзінде салықтық жеңілдіктер мен преференциялардың 300-ден астам түрі бар. Адал қызмет етіп отырған бизнесмендер болсын, кәсіпкерлер болсын, олардың бизнесі аяққа тұруы үшін көптеген қаржылық және қаржылық емес көмектер бар.

Қаржылық көмектің өзіне бюджеттен жылына жүздеген миллиард теңге бөліп отырмыз, яғни біздің негізгі мақсатымыз – кіші бизнестен орта бизнеске, орта бизнестегі кәсіпкерлерді ірі бизнеске көтеру. Бизнеспен айналыспай жүрген азаматтар болса, керісінше оларға барынша мүмкіндік жасау. Бұл тұрғыда жеңілдікпен қарастырылған салық түрлерінің 1-4% аралығында бірнеше режимі бар. Өзіңіз көріп отырсыз, бизнеспен айналысқысы келген азаматқа, әсіресе адал бизнеспен айналысуға толық мүмкіндіктер қарастырылған.

− Осы жылдың басынан кейбір кәсіпкерлер тек қана қолма-қол ақша талап ете бастады. Әрине, бұл – азаматтар үшін қолайсыз. Ал қолма-қол ақша бермесең, бағасын 10% көтерген фактілер де болып жатыр. Бұл қаншалықты заңды және кәсіпкерлер тек қолма-қол ақша талап ету заңды ма?

− Қазақстан Республикасындағы төлемдер мен төлем жүйесі туралы арнайы заң бар. Ол жерде қолма-қол және банк карталарымен немесе QR-код арқылы төлемдердің түрлері көрсетілген. Егер кәсіпкерлер тек қолма-қол ақша талап етсе, бұл жерде тұтынушының құқығы бұзылады. Сондықтан мұндай талаптар заңсыз деп есептеледі және де қолма-қол ақшасыз төлем жүргізгенде бағаға үстемеақы қосу да заңсыз. Себебі, тауар бағасы төлем түріне қарамастан бірдей болуы керек. Мұндай жағдайда 1414 нөмірлі арнайы колл-орталыққа хабарласуға болады немесе жергілікті кірістер комитетінің органдарына шағымданса, біз ол фактілерді тексеріп, тиісті шара қабылдаймыз.

− Кәсіпкер емес жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тексеріле ме? Оларға туыстарына, достарына мобильді аударым жасауға бола ма?

− Әрине болады. Бізде кәсіпкерлікпен айналыспайтын жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына еш тексеру немесе шектеу жоқ. Қандай да бір жағдайға қаражат жинау керек болса да шектеу қойылмайды. Науқас, сырқаттанған адамдарға жаппай қаражат жиналып жатады немесе жарысқа баратын кезде жылу жиналады. Ондай қаражат кәсіпкерлікке жатпайды, сондықтан біз бұл аударымдарды тексермейміз және одан салық алынбайды. Егер де әрине критерий бойынша, кей жағдайлар салық органдарының назарына ілінсе, біз тиісті ақпаратты сұратамыз. Оған салық органдары көз жеткізген соң, әрине бұл фактілер бойынша еш сұрақ туындамайды.

− Дәл осындай жағдай кейбір медиаресурстар мен блогерлерге қатысты болып отыр. Олардың арасында донат ретінде халықтан ақша жинап жұмыс істеп отырғандар бар. Олар не істеуі керек? Бұл тәуелсіз журналистикаға тұсау салмай ма деген күдік бар...

− Тәуелсіз журналистикаға еш тұсау болмайды. Қазірдің өзінде бізде 400-ден астам блогер тіркелген, олар 2023 жылы 200 млн астам теңге салық төледі. Егер де олардың қызметі кәсіпкерлікпен байланысты болса, әрине олар салық төлеуі тиіс. Оған арнайы салық режимдері бар. Ал егер олардың жұмысы тікелей кәсіпкерлікке байланысты болмаса, онда оларға еш сұрақ туындамайды және салық алынбайды.

− Ал такси жүргізушілері не істейді? Мысалы, «Яндекс такси» секілді онлайн платформалар жүргізушілер үшін ақша төлейтін шығар? Осы сұрақтың курьерлерге де қатысы бар ма?

− Жалпы осы жүргізушілер мен курьерлер үшін арнайы 1% салық режимі бар. Бұл да e-Salyq Business қосымшасында цифрландырылған. Соған тіркелсе, қалай салық төлеу керегі көрсетілген, тіпті өзімен кассалық аппарат тасып жүрудің де қажеті жоқ, яғни барлық қолайлы жағдай жасалған.

Дегенмен де, қазір «Яндекс таксимен» келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде салықты таксистердің өздері емес, оператор ретінде «Яндекстің» өзі төлейтіндей жағдай жасауды көздеп отырмыз. Платформалық жұмыспен қамту жобасы аясында жаңа Салық кодексіне осы өзгерістерді енгіземіз.

− Дәл осы жағдай ауылдық жерлерде қандай да бір қиындық туғызбай ма?

− Қиындық туғызбайды, себебі шалғай, интернеті жоқ жерлердің өзінде де жұмыс істейтін арнайы дербес кассалық аппараттар бар. Кез келген кәсіпкер шағын дүкен ашса немесе басқа да сауда-саттық жүргізсе, сондай кассалық аппараттарды қолдана алады. Оған міндетті түрде интернеттің болуы шарт емес.

− 1 қаңтардан бастап, кәсіпкерлерді тексеруге мораторий тоқтатылды. Әрі қарай не болмақ? Бизнесті жаппай тексеру белең алып кетпей ме?

− Жалпылай кәсіпкерлерді тексеру болмайды, себебі Мемлекеттік кірістер комитетінде тәуекелдерді басқару жүйесі бар. Бұл жерде заңды көбірек бұзатын, яғни салық төлемейтін, төлемеу қаупі бар кәсіпкерлерді ғана тексереміз. Ал барлық кәсіпкерлерді түгел тексермейміз. Біздің негізгі мақсатымыз – сервистік модель түрінде кәсіпкерлерге көмек көрсету, көп жағдайда бұл – профилактика, оларға кеңес, салық заңнамасын бұзбауға ұсынымдар беру.

− Соңғы сұрақ, 2023 жыл бүкіл ел үшін, соның ішінде Қаржы министрлігі үшін де өте қарқынды жыл болды. Министрлік жұмысындағы негізгі нәтижелер мен жетістіктерді атап өтсеңіз?

− 2023 жыл өте күрделі, сын-қатерлерге толы болды. Дегенмен де біз бюджеттің табыс көзін 100% орындап шықтық.

Екіншіден, біздің әлеуметтік шығындар немесе басқа да бюджет шығыстары жыл сайын өсіп келеді. Соған қарамастан, 2023 жылы шығыстарды, мемлекеттік міндеттемелерді толығымен өтедік.

Үшіншіден, мемлекеттік қарыз туралы көп айтылып жүр. Бұл мемлекеттік бюджеттің дефицитін жабу үшін қажет. Сол мемлекеттік қарыз қазір қауіпсіз деңгейде сақталып отыр, қазірдің өзінде ЖІӨ-ге шаққанда 24% болды. Бұл дамыған мемлекеттердің көрсеткішімен салыстырғанда өте төмен деңгей деп айтуға болады.

Төртіншіден, өздеріңіз білесіздер, былтыр азаматтардың банкроттығына қатысты арнайы заң қабылданған еді. Наурыз айынан бері 80 мыңға жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде 8 мың адам банкрот деп танылды. Оларға салынып отырған кредиттік жүктеме толығымен алынып тасталды. Бұл – шамамен 15 млрд теңге.

Бесіншіден, арнайы Президент тапсырмасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске асырыла бастады. Былтыр арнайы заң қабылданды. Биылғы 1 ақпанға дейін 18 жасқа толмаған 7 млн баланың есепшотына арнайы қаражат аударылады.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар