Моңғолия премьер-министрі қызметінен босатылды

АСТАНА. KAZINFORM — 27 наурызда Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралының (парламент) пленарлық отырысында премьер-министр Гомбожавын Занданшатардың қызметінен босату туралы өтініші қаралды, деп хабарлайды Монцамэ.

Моңғолия премьер-министрі қызметінен босатылды
Фото: Монцамэ

Отырыс барысында ол мемлекет пен халық мүддесін бірінші орынға қойып, өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын айтты.

— Мен қызметіме жабысып отырған жоқпын. Мемлекет пен халық мүддесін бірінші орынға қойып, өкілеттігімді тоқтату туралы шешім қабылдадым. Бұл жай ғана қызметті тапсыру емес, саясаткерлердің маңызды мүдделер жолында біріге білуінің үлгісі, — деді Гомбожавын Занданшатар.

Депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, түсініктеме жасағаннан кейін Занданшатар соңғы тоғыз айдағы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Ол өз сөзінде 2025 жылы алғаш рет мемлекеттік шығындар 2,2 трлн тугрикке қысқарғанын айтты.

— Нәтижесінде көмір экспорты 90 млн тоннаға жетіп, жалпы экспорт көлемі 15,8 млрд АҚШ долларын құраған. Кашемир экспорты 4,7 есе, ет экспорты 25,7%-ға артқан. Экономикалық өсім 2,6%-дан 6,8%-ға дейін жеделдеп, инфляция 8,3%-дан 6,5%-ға төмендеген. Төлем балансы 600 млн доллар тапшылықтан 1 млрд доллар профицитке шыққан. Валюталық резервтер 2,1 млрд долларға өсіп, тарихи максимум — 7 млрд долларға жеткен, — деді Премьер-министр.

Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттардың 74%-ы оның отставкасын қолдады.

Гомбожавын Занданшатар жаңа премьер-министр тағайындалғанға дейін уақытша үкімет басшысы міндетін атқарады.

Бұдан бұрын Моңғолия Сидней қаласында Бас консулдық ашуды жоспарлап отырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар