Моңғолия президенті Қазақстанға сапарлайды – Екі ел қатынастары қай салаларда дамиды

ҰЛАНБАТЫР. KAZINFORM – Моңғолия Сыртқы істер министрінің шақыруымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ұланбатырға ресми сапармен келді. Екі елдің министрлері келіссөздер жүргізіп, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынастардың қай бағытта өрбитіні жөнінде мәлімдеме жасады. Әсіресе ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, ғарыш салаларындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылға баса мән берілді. 

Моңғолия президенті Қазақстанға сапарлайды – Екі ел қатынастары қай салаларда дамиды
Фото: Айжан Серікжанқызы

Моңғолия президенті Қазақстанға сапарлайды

Министр атап өткендей, Моңғолия – Қазақстанның өңірдегі сенімді және өзара қолдау мен перспективті стратегиялық бағыттарда бірге жұмыс істеп жатқан өте маңызды серіктесі. Мемлекеттерімізді тамыры терең тарих және мәуелі мәдени құндылықтар біріктіреді. Қазақ және моңғол халықтары – көне заманнан бері ұлы дала өркениетінің мұрагерлері, тілдеріміз – алтай тілдері тармағына кіреді, салт-дәстүріміз бір-біріне өте ұқсас.

Кейінгі жылдары Астана мен Ұланбатыр арасындағы саяси диалог сенім мен өзара қолдау рухында қарқынды дамып келеді. Екі ел президенттерінің шешімімен қарым-қатынастардың стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгеніне биыл бір жыл толады.

− Бұл бағытта елеулі әрі нәтижелі шаралар атқарылуда. Іскерлік кеңес құрылды, екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылды, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша жол картасы бекітілді. Бүгін мен Ұланбатырға осы биік деңгейдегі уағдаластықтарға жаңа пәрмен беру және ықпалдастықты нақты істермен толықтыру үшін арнайы миссиямен келдім деп санаймын. 

Ең алдымен келесі жылы Моңғолия президенті, жоғары мәртебелі Ухнаагийн Хурэлсух мырзаның Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға келістік. Парламенттік дипломатияның маңыздылығын атап, заң шығарушы органдардың басшылары мен достық топтар делегацияларының өзара алмасуын жандандыруға мән береміз, - деді Мұрт Нұртілеу Моңғолияның Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингіде.

М. Нұртілеу Моңғолияның Көлік министрімен кездесуге ниетті

Сондай-ақ министрлер келіссөзінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Былтыр біздің сауда айналымы 124 млн долларды құраған еді.

− Әрине бұл біздің мүмкіндіктерімізге сай емес. Сондықтан Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес, екіжақты сауданы 500 миллионға жеткізу жөнінде уағдаластықты нақты істер арқылы жүзеге асыру бағытында өзара қоян-қолтық жұмыс істеуге келістік. Қазақстан Моңғолия үшін Орталық Азия және әрі қарай Еуропаға апаратын стратегиялық қақпа бола алады, ал Моңғолия Қазақстан үшін Солтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығудың баламалы бағыты болып саналады. Бұл тұрғыда моңғолиялық серіктестерімізді көрші елдермен бірлесе Транскаспий бағытының Солтүстік, Оңтүстік дәліздерін пайдалануға шақырамыз, - деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.

Оған қоса, ертең Еуразия экономикалық одағы аясында қол қоятын Еркін сауда келісімі де ықпалдастыққа қосымша серпін бермек.

− Бәріңіздің назарыңызды аударғым келетіні, бүгінгі сапар барысында кездесулер көп болады, Президентпен және Парламент өкілдерімен де кездесулер көзделген. Транспорттық ынтымақтстықтың маңызын ескере отырып, мен бүгін сіздердің Көлік министрлеріңізбен кездессем деген ниетім бар, - деп баса айтты М. Нұртілеу.

Моңғолия президенті Қазақстанға сапарлайды – Екі ел қатынастары қай салаларда дамиды
Фото: Моңғол Сыртқы істер миинстрлігінен

Қазақстанның ветеринарлық вакциналары Моңғолияда өндіріле бастайды

Екі елдің сыртқы саяси ведомство басшылары ауылшаруашылық саласында, оның ішінде қазақстандық ветеринарлық вакциналарды Моңғолияға экспорттауға, кейін оның өндірісін осы елде ашуға сөз байласты.

− Оған қоса, Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасын Моңғолияға жеткізуге дайынбыз. Өзіміздің бидай және басқа дәнді дақылдарымызды экспортқа шығаруға келістік, - деді М. Нұртілеу.

Өз кезегінде Қазақстан пилоттық жоба ретінде Моңғолиядан 500 мың бас ешкі сатып алуға қызығушылық танытуда. Бұл ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы бірлескен жобаның басы болмақ. Мұндай бастама өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болары да сөзсіз. 

Айта кетейік, Моңғолияда мал шаруашылығы ерекше орын алады, 2024 жылдың желтоқсан айының соңында елдегі мал басы 57,6 миллионнан асқан. Ал 2024 жылғы қыстағы жұт салдарынан Моңғолия 7,9 миллионнан астам малынан айырылды.

Қазақстан «Электронды үкімет» тәжірибесін бөлісуге дайын

Моңғолия экспортының 96,5% кен өндіру секторы құрайды (көмір, мыс, молибден өндіру). Сарапшылардың болжамынша, бұл сала алдағы 20-30 жылда да жетекші сала болып қала береді. Ел билігі экономиканы әртараптандыру бағытында да шаралар қабылдап жатыр. Елде пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бойынша арнайы рұқсаты бар 4,5 мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Осы ретте қазақстандық кәсіпкерлер тау-кен саласын бірге зерттеуге дайын. Қазақстан Үкіметі моңғолиялық ovic Construction, ICT Group, Steppe Copper Group компанияларына Қазақстандағы бірлескен инвестициялық жобаларын барынша іске асырып, қолдау көрсетуге дайын. 

− Біз қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық әлеуетін де қарастырдық. Қазақстанда еуропалық стандарттарға сай құрастырылатын заманауи әскери техниканы Моңғолияға жеткізуге дайынбыз. Сонымен бірге, еліміздің «Электронды үкімет» платформаларын енгізу және ғарышты игеру саласында мамандарды даярлауға әзірлігімізді әріптесіме айттым, - деді ҚР Сыртқы істер министрі.

Моңғолия президенті
Фото: Айжан Серікжанқызы

Моңғолиядағы қазақ диаспорасына 5 мың дана кітап жеткізілді

Бүгінгі кездесуде мәдени-гумнитарлық мәселелер де назардан тыс қалмады.

− Моңғолиядағы қазақтар – екі ел арасындағы берік достықтың алтын көпірі. Оларға өз мәдениеті мен тілін сақтауға қмқорлық танытып, қолдап жүргені үшін моңғол мемлекетінің басшылығына және үкіметіне үлкен алғысымызды жеткізгім келеді. Мен де бүгін осы елдегі қазақтарға 5 мың дана көркем әдеби кітаптар сыйлағым келген болатын. Бұл ретте әріптесіме осы науқанға қолдау көрсеткені үшін тағы да алғыс білдіремін, - деп атап өтті Мұрат Нұртілеу.

Айта кетейік, бүгінде Моңғолияда халық саны 3,5 миллионнан асады, онда 28 ұлт, ұлыс және этностық топ бар. Қазақтар ел халқының 4% құрайды.

Моңғолияда қазақстандық университет филиалын ашу ұсынылды

Министрдің айтуынша, ғылым және білім саласында кооперациямыздың болашағы зор. Қазіргі күннің өзінде Қазақстан Еуразиядағы білім хабына хабына айналды. Біздің елде 30 мыңнан астам шетелдік студент, ал Моңғолияда – мың студент білім алып жүр.

− Егер биылғы жоспарлаған жұмыстарымыз өз жемісін берсе, бұл студенттердің саны артатынына сенімдіміз. Біз ең алдымен моңғолиялық әріптестерімізге инженерлерді және техникалық мамандарды дайындауға әзір екенімізді айттық. Өз тарапымыздан, моңғол тарапы егер келісім берсе, Қазақстандағы іргелі ірі университеттердің бірінің филиалын ашу мәселесін де қрастыруға дайынбыз, - деп ұсыныс білдірді қазақстандық министр.

Қазір Моңғолияда 64 жоғары оқу орны бар, студенттер саны 145 мыңнан асады, оқытушылар құрамында 6 мың адам бар. 

Халықаралық аренада Қазақстан Моңғолияның бейбітшілікті, ядролық қарусыз әлемді, климаттық әділетті қолдайтын бірегей саяси ұстанымдарын жоғары бағалайды. 

Бұл Қазақстан үшін де негізгі басымдықтар. Сондықтан еліміз БҰҰ және басқа да халықаралық көпжақты аренада өзара қолдауды жалғастырып, ортақ бастамаларды ілгерілетуге ниетті. 

− Өңірлік геосаясаттың трансформация кезеңінде тұрғанын жақсы білеміз, сол себепті біз етене және өзара келіскен толық координациядағы жұмысымызды жалғастыруға дайынбыз. Қазақ-моңғол қатынастарының келешегі кемел, болашағы жарқын деп білемін. Бүгінгі келіссөздер нәтижесінде біз тек дипломатиялық диалогты емес, нақты саяси ықпалдастықты күшейтуге бағытталған қадамдарды жасадық. Қазақстан Моңғолиямен достыққа негізделген ұзақмерзімді әрі өршіл әріптестікті одан әрі нығайтуды толық қолдайды. Осы бағытта тығыз әрі нәтижелі жұмыс істейтінімізге сенімдімін, - дейді М. Нұртілеу.

Соңғы жаңалықтар