Моңғолия президенті Қазақстанның Сыртқы істер министрін қабылдады

ҰЛАНБАТЫР. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың қабылдауында болды. Еліміздің Сыртқы істер министрі 19 жылда алғаш рет Моңғолияға ресми сапармен барды.

Моңғолия президенті
Фото: ҚР СІМ

Кездесу барысында М.Нұртілеу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шынайы тілектері мен ыстық сәлемін жеткізді. Өз кезегінде Моңғолия Президенті Астананың Ұланбатыр үшін маңызды стратегиялық серіктес екенін атап өтіп, саяси диалогты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

М.Нұртілеу Моңғолия Қазақстанмен ортақ тарихи тамырлармен, сондай-ақ рухани және мәдени жақындықпен байланысты сенімді әрі жақын көрші екенін мәлімдеді.

Тараптар биік және жоғары деңгейдегі, соның ішінде үкіметтік және парламентаралық сапарлармен алмасу жөнінде уағдаласты. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары, халықаралық құрылымдар аясындағы бірлескен жұмыс талқыланған.

Сонымен бірге, бүгін Қазақстан СІМ басшысы Моңғолия Премьер-министрі Гомбожавын Занданшатармен де жеке кездесу өткізді. Қазақстан мен Моңғолия екіжақты тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына дейін жеткізуді көздеп отыр, бұл мақсатқа қазақстандық астық пен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту арқылы қол жеткізілмек.

Сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі мен машина жасау салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қозғалды. Қазақстан бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге және жоғары технологиялық өнім жеткізуге қызығушылық білдірді. Мәдени-гуманитарлық салада министр бірлескен жобаларды одан әрі ұлғайтуға қазақ тарапының әзір екенін білдірді.

Айта кетейік, келер жылы Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға сапармен келеді.

Қазақстан мен Моңғолияның Сыртқы істер министрлері көлік-логистика саласындағы кедергілер мен қиындықтарды жою, жаңа көлік бағыттарын құру, әуе рейстерінің санын арттыру, азаматтар арасындағы өзара сапар ағынын көбейту, импорт пен экспорт көлемін ұлғайту, сондай-ақ кәсіпкерлерге қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге уағдаласты.

Ресми сапар аясында Моңғолиядағы қазақ диаспорасына 5 мың дана кітап жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар