Моңғолияда 1800 жыл сақталған Сяньби дәуірінің қорымы табылды

ҰЛАНБАТЫР. KAZINFORM – Моңғолияның Сэлэнгэ аймағына қарасты Ерее сомонында археологтар шамамен 1800 жыл бұрынғы Сяньби әулеті дәуіріне тиесілі, бүлінбеген және бірегей ақсүйек қорымын тапты. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.

Моңғолияда 1800 жыл сақталған Сяньби дәуірінің қорымы табылды
Фото: Anadolu

CentralAsia порталының хабарлауынша, бұл – Моңғолия аумағында Сяньби заманынан қалған алғаш рет табылған ірі әрі тоналмаған, тарихи тұрғыдан ерекше маңызды қорым.

Қазіргі уақытта зерттеушілер негізгі қабірді қазу жұмыстарын жалғастыруда. Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңалық Орхон-Сэлэнгэ бассейнінде сяньбийлердің мемлекеттік құрылымы болған деген тұжырымды дәлелдей түседі.

Бұл археологиялық орын алғаш рет 2019 жылдың күзіде Моңғолия мемлекеттік университетінің Көшпелі археология институты мамандары тарапынан анықталған. 2022-2024 жылдары аралығында мұқият өлшеулер мен 3D құжаттандыру жұмыстары жүргізілген. Қазір сол жерде құтқару археологиясы шеңберінде зерттеу жұмыстары өтуде: соның аясында сол дәуірге жататын үш ақсүйек және екі қарапайым адамның қорымы зерттеліп жатыр.

Экспедиция жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, археология кафедрасының доценті Идэрхангай Томор-Очир әлеуметтік желілерде қазба жұмыстары барысында айрықша артефактілер табылғанын жазды.

Атап айтқанда, қалыңдығы 7 см екі ағаш табыт қатар қойылған. Соның біреуі көк-сары түсті матамен мұқият оралған, матасы жақсы сақталған. Табыттың бас жағында қара сиямен салынған белгілер мен өрнектер әлі де көрініп тұр.

Сонымен бірге қорымнан екі жылқының сүйегі табылған — олардың біреуі қара түсті болған.

Сондай-ақ ағаштан жасалған арба, құмыра тәрізді саздан жасалған ваза және құрбандыққа арналған басқа да бұйымдар анықталған.

Археологтардың айтуынша, бұл қорым құрылымы жағынан ғұндар мен сяньби ақсүйектерінің жерлеу дәстүрінің арасындағы өтпелі кезеңді білдіреді. Мәселен, сяньбийлер төртбұрыш пішінді шұңқыр қазып, бөренелермен қаптаған – бұл ғұндарда да болған тәсіл.

Сонымен қатар, айналасын сумен қоршап, қорған тұрғызу – Сяньби дәуіріне тән сәулеттік сипат.

Бұл табылған жәдігерлер ғұндардан сяньби мәдениетіне өтудегі жерлеу дәстүрлерінің эволюциясын зерделеуге мүмкіндік береді.

Қазба барысында табылған артефактілерді сақтау және қалпына келтіру ісіне Моңғолияның Мәдениет министрлігі, Ұлттық мәдени мұра орталығы және тиісті мекемелердің мамандары тартылған.

Айта кетейік, маусым айында Моңғолия Президентінің Жарлығына сәйкес, Моңғолияда «Жаңа Хархорум» қаласының іргетасы қаланды. Хархорум қаласының құрылысы салтанатты түрде Мемлекеттік туды көтеру рәсімімен басталды. Бұл ту «Ұлы хандар бағында» мәңгі желбірейтін болады.

Соңғы жаңалықтар