Моңғолияда тұратын қазақтарға 5 мың дана кітап жеткізілді
ҰЛАНБАТЫР. KAZINFORM — Моңғолиядағы қазақ диаспорасына 5 мың дана кітап жеткізілді. Оларды Ұланбатырда ресми іс-сапармен жүрген Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу салтанатты түрде табыс етті.

Бұл бастаманы ҚР Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет жіне ақпарат министрлігі және «Отандастар қоры» Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мақсатында қолға алған.
Бес мың кітап арасында заманауи қазақ ақын-жазушыларының шығармалары және балалар әдебиетінің жаңа жинақтары бар.

− Моңғолиядағы қазақтар – екі ел арасындағы берік достықтың алтын көпірі. Оларға өз мәдениеті мен тілін сақтауға қмқорлық танытып, қолдап жүргені үшін моңғол мемлекетінің басшылығына және үкіметіне үлкен алғысымызды жеткізгім келеді. Мен де бүгін осы елдегі қазақтарға 5 мың дана көркем әдеби кітаптар сыйлағым келген болатын. Бұл ретте әріптесіме осы науқанға қолдау көрсеткені үшін тағы да алғыс білдіремін, - деп атап өтті Мұрат Нұртілеу Моңғолия Сыртқы қатынастар министрі Б. Батцэцэгпен кездесуінде.
Айта кетейік, Моңғолия – қазақ диаспорасы көп тұратын елдің бірі. Бүгінде Моңғолияда халық саны 3,5 миллионнан асады, онда 28 ұлт, ұлыс және этностық топ бар. Қазақтар ел халқының 4% құрайды.

Әрине, сыйлықты мұндағы қазақтар қуана қабыл алды. Моңғолияның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Сұлтан Тәукейұлының айтуынша, қазір Моңғолияда 150 мыңнан астам қазақтар өмір сүреді. Көптеген қазақтар атажұртқа – Қазақстанға қоныс аударып жатыр.
− Бұл кітапты жаңа біздің Парламенттегі азаматтар қабылдады. Баян Өлгейде аймақтық кітапхана бар, соған барады. Одан бөлек 13 аудан бар, бізде ауданды «сумын» деп атайды. Аудандық кітапханаларға барады, қырықтан астам мектеп бар. Сол мектептердің бәрі қазақ тілінде оқиды. Келешек жеткіншіктер алып оқиды деп отырмыз. Бұл табылмайтын мүмкіндік. Қазақстаннан жыл сайын мұндай кітаптар келіп тұрады. «Отандастар» қоғамдық қоры былтыр да біраз кітап тапсырып кеткен. Жыл сайын оқулықтар келіп тұрады. Біздің орта мектептер көбіне Қазақстан оқулығын пайдаланады. Сондықтан бұл аса орайлы мүмкіндік болды, − деді Сұлтан Тәукейұлы тілшілерге берген сұхбатында.

Бұған дейін Моңғолияда қазақстандық университет филиалын ашу ұсынылған еді. Өйткені бұл елден бізге келіп те оқитын жастар көп.
Еске салсақ, былтыр 28-29 қазан күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапармен барған еді.