Моңғолиялық өнерпаздар «Әлия гүлі» фестиваліне қатысу үшін алты күн жол жүрді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Әлия гүлі» достарын қарсы алады» атты VII халықаралық фестиваль өтті. Биыл Моңғолия бишілері фестивальге бірінші рет қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі жылда бір рет өтетін «Әлия гүлі» достарын қарсы алады» фестиваліне биыл 18 би ұжымынан 300 биші қатысты. Балалар мен жасөспірімдер фестиваліне Түркия, Ресей, Моңғолия мен еліміздің бірнеше облысынан өнерпаздар келді. Олар алдымен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылына барды. Кейін Қобда ауданында концерт ұйымдастырып, «Әлия гүлі» би ұжымы өз достарына концерттік бағдарлама ұсынды.
«Биыл фестиваль Рәміздердің 25, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың туғанына 95 жыл толуына, Ақтөбенің 85 жылдығы мен «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналып отыр. Фестивальге алғаш рет Моңғолияның өнерпаздары келді. Бишілерді «Әлия гүлі» ұжымы Түркияда өткен фестиваль кезінде шақырған. Олар шақыртуымызды қабылдап, ұлттық билерін ала келді»,- деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юсупова.
Моңғолиядан барлығы 12 биші мен үш жетекші келді. Селенгинский аймағынан келген «Эрдэнэс-5» би ұжымы фестиваль кезінде үш ұлттық, екі заманауи биді ұсынды. Би ұжымының директор Байгалмаа Цэвээндорждың айтуынша, олар Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.
«Қазақстан, Ақтөбе бізге қатты ұнады. Қазақстанның халқы қонақжай, ақжарқын. Бізді өте жақсы қабылдады. Моңғолия қазақтарымен жақын тұратын ауылдар Наурыз мерекесі туралы жақсы біледі. Мерекеде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылады»,- деді Байгалмаа Цэвээндорж.
Ақтөбеден шақыру алған Моңғолия бишілері алыс сапарға шықпас бұрын сол елдегі Қазақстан елшілігіне барып, тура жолды сұраған. Пойыз, ұшақпен жету өнерпаздар үшін тым қымбатқа соққан соң Селенгиский ауылынан Ұланбатырға пойызбен жеткен бишілер кейінгі жолды автобуспен жалғастырған. 6 мың шақырымды 6 күнде жүріп өтті. Моңғол өнерпаздары алдымен Астанаға барып, кейін Ақтөбеге келді.
«Ақтөбеге келіп, Әлия Молдағұлованың туған жерін, музейін көрдік. Қалаға келген соң бізді мешітке апарды. Ақтөбе өте әдемі қала. Бізді шақырғанда қуана қабылдаған едік. Балаларымыз дән риза. Егер мүмкіндік болса тағы да келеміз. Би ұжымының Ақтөбеге келуіне губернаторымыз, ата-аналар көмектесті»,- деді Байгалмаа Цэвээндорж.