Мораторий аяқталған соң кәсіпкерлерді тексеру көбейе ме

Кәсіпкерлер
Фото: Айжан Серікжанқызы

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 1 қаңтардан бастап бизнесті тексеруге салынған 4 жылдық мораторий аяқталды. Енді кәсіпкерлер шағын және орта бизнесті тексеру көбейе ме деп алаңдауда. Бұл сұрақты бүгін Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен бірге талқылады. 

2019 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанда тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий енгізілді. Кейіннен бұл мораторий 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылды. 

Астана бюджетінің 50 пайызын кәсіпкерлер қамтамасыз етеді

Елордалық кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевтің айтуынша, өткен жылдың соңынан бастап көптеген кәсіпкер алаңдаушылық білдірген. 

«Қазір жыл басында жаппай тексерістер жоқ, алайда мобильді аударымдар секілді көптеген алаңдаушылық болып жатыр. Оның үстіне қосымша тексерістер қаптаса, әрине инвестициялық ахуалға жағымсыз салдары тиеді. Жалпы Астана экономикасында кәсіпкерлер үлесі 76%-ға жетті, мұны мақтан етеміз. Қала бюджетінің шамамен 50%-ын осы кәсіпкерлер толтырады. Бүгінгі талқылау барысында қадағалаушы органдарға сөз береміз, олардың қандай жұмыс атқарып жатқанын, қандай тексерулер жүргізетінін тыңдаймыз. Астана қаласының статистикасына қарасақ, өткен жылы біз тікелей қорғаған кәсіпкерлердің саны – 420, олардың жалпы сомасы – 92 млрд теңге. Бұл өте қомақты сома», - деді Б. Жолболдиев Астана қаласының кәсіпкерлер палатасына өткен отырыста.

Спикердің айтуынша, өткен жылы 4 500 тексеріс болса, оның 16-сы заңсыз болған. 

«Мысалы мектептің сапасын тексеруге барған аумақтық департамент тамақтандырумен айналысатын жеке кәсіпкерлерді тексеріп кеткен. Бұл - заңсыз. Дүкендердің өзі кішігірім ұрлықтарды айтып шағымданса, полицейлер керісінше дүкеннің өзін тексеріп кетеді. Осының бәрін тексере берсе, шағын бизнестің әрі қарай дамуға құлшынысы болмайды, көлеңкеге кетіп қалуы мүмкін, жұмыссыздық көбейіп, салық түсімдері болмай қалады. Нақты кәсіпкер шын мәнінде кемшілік жіберсе, әрине оларды тексеру керек. Біз заңсыз, жөнсіз тексерулерге жол берілмегенін қалаймыз», - деп түсіндірді ол.

Кәсіпкерлерді тексеру қалай жүргізіледі

Б. Жолболдиев барлық тексеру Кәсіпкерлік кодексінің 141-бабында көрсетілген тәртіппен өтуі керегін еске салды. Яғни, кәсіпкерлер тізімі алдын ала бекітіледі, Бас прокуратура жанындағы Статистика департаменті оның заңдылығын тексереді. Кәсіпкердің өзіне 1 ай бұрын хабарлама жіберіліп, тексеру негіздемесін көрсетілуі қажет. 

Ал ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаменті бастығының орынбасары Мадияр Шекімов 2023 жылы тексеру тағайындау туралы 5 016 акт тіркелгенін, оның тиімділігі 57% көрсеткенін айтты. Оған қоса, 30 актіні тіркеуден бас тартылған, оның 16-сы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты болған. 

«Тексеруді тіркеу өтінімін алғанда департамент мынадай іс-қимылдардың бірін қабылдауға құқылы: тексеруден бас тарту үшін заңды негіздер болмаса, оны тіркеу немесе қандай да бір кемшіліктер болған жағдайда (құжаттардың ашылмауы, реквизиттің толық толтырылмауы, мемлекеттік органның аумақтық қағидатын бұзуы) пысықтауға қайтару. Департамент мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерін анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде», - деді М. Шекімов. 

Қадағалау қызметі барысында 54 заңсыз тексеру анықталған. Барлық осы бұзушылықтар бойынша 12 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Бизнес субъектілерін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының талаптарына сәйкестігін тексеру кестесіне негізсіз енгізу бойынша 200 факті анықталды. Бұл тексерулер жарамсыз деп танылып, жойылған. 

Сонымен қатар оның айтуынша, ҚР Кәсіпкерлік кодексі кәсіпкерлерге заңсыз тексерулерден қорғау құралдарын ұсынады. Мұндай жағдайларда кәсіпкер жоғары тұрған органға немесе сотқа жүгіне алады.

Шағым бойынша жоспардан тыс тексерулер қалай өтеді

Астана бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенова 2023 жылы қазақстандықтардан 3 598 шағым, оның ішінде бизнеске 182 шағым түскенін атап өтті. 

«2022 жылы 2026 өтініш түсті. Бұл бізде кәсіпкерлер саны артып келе жатса да, халықтың әсіресе шағын бизнеске қатысты шағымдары да артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан және тұрғындардың тыныш өмір сүруіне кедергі келтіретін нысандарға қатысты», - деді Сархат Бейсенова.

Ол 2024 жылы 4 нысанның біліктілік талаптарына сәйкестігі тексерілетінін айтты. Өткен жылы 49 нысан тексерілген. 

Сондай-ақ спикер шағымға растайтын құжаттар қоса берілмесе, жоспардан тыс бірде-бір тексеру тіркелмейтінін жеткізді. Бұл фотосуреттер, бейнематериалдар немесе зерттеу хаттамалары болуы мүмкін. 

«Біздің мамандарда шағымнан тыс тексеру құқығы жоқ. Біз шағымды зерттейміз, қараймыз, барлық тексеру парақтарын көтереміз және шағымның тақырыбына қатысты тармақтарды ғана таңдаймыз. Егер шағым расталса, тексеру актісі жазылады, кәсіпкер актімен танысады және әкімшілік шаралар қабылданады», - деп түсіндірді Сархат Бейсенова. 

Соңғы жаңалықтар