Мүфтият әлеуметтік желідегі уағызшыларды қалай қадағалайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында әлеуметтік желіде белсенді имамдар туралы, олар айтатын уағыз-насихаттың бағыттары туралы пікірін білдірді.

Бас мүфти әлеуметтік желілерде ҚМДБ аккаунттары бар екенін, COVID-19 пандемиясында мешіт есіктері жабылғанымен, онлайн уағыз-насихат тоқтамағанын атап өтті. Бұл жаңа әдістер қазір де жалғасып келеді және оқырманы көп имамдар қатары қалыптасты.
– Мүфтиятта ақпарат бөлімі жұмыс істейді, оған қоса уағыз-насихат бөлімі уағыздардың тақырыптарын бекітіп, имамадар арасында бөледі. Ауыл-аймақтағы имамдарға уағыздың мәтінін де дайындап береді. Әсіресе әлеуметтік желіде белсенді имамдарға арнайы бағыт беріліп, қоғамға қажет ақпарат насихатталады. Кеше ғана оқу жылы қарсаңында білімді болу қандай сауапқа кенелтетіні айтылды. Бірлік күні, Отан қорғаушылар күні секілді әрбір мемлекеттік мереке қарсаңында шариғи негізде тақырпыпқа сай уағыздар айтылады, - деді Н.Тағанұлы.
Сонымен бірге, мүфият тікелей эфирлер мен подкасттар ұйымдастырып тұрады. Діни басқармаға қарасты «Мұнара ТВ» телеарнасы жұмыс істейді. Әсіресе Моңғолия мен Ресейде тұратын қазақтар бұл арнаны жиі көреді екен.

Наурызбай қажы Тағанұлы Мұсылмандар діни басқармасына мемлекеттен бюджет бөлінбейтінін, тек қана демеушілер мен халықтың көмегімен жұмыс істеп жатқандарын да айтты.
– Өкінішке қарай, қазақтың құндылықтарына, дәстүрге тіл тигізгендер де болды, біз оларды шақырып алып, қатты-қатты ескерту айттық. Өзім де «Оқымаған тақырыпқа барма» дегенді қайталап жүремін. Қазақ тіліне қатысты, анаға қатысты біржақты уағыз айтқандар болды. Мүфтиятқа қарасты имамдар немесе қатысы жоқ адамдар да түрлі діни уағыз жасайды. Біз олардан басымызды алып қашпаймыз, керісінше хабарласып, қолымыздан келгенше қателескендерді шақырып, түсіндіріп, түзетіп жатырмыз, - деді ол.
Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі уағызды әртүрлі санаттағы адамдар тыңдайтын болғандықтан, көпшілікті ескере отырып айтылуы керек. Кей имамның тәжірибесі жетіспей, байқамай қате жіберіп, сынға қалып жатады.
– Кейде танымалдықтың өзі адамды дертке шалдықтырады. Бірнеше ұстазға «Пәленбай оқырманым бар деп өздеріңізді дәріптемеңіздер, халық бізден жоғары, біз оның қызметшісіміз» дедім. Қожа Ахмет Яссауи айтқандай, «Хаққа қызмет халыққа қызметтен басталады. Ал халыққа қызмет ету үшін адам топырақ тәрізді қарапайым болуы керек». Сондықтан кез келген имам, ұстаз уағызда қарапайымдылықты көрсетуі керек, бәрін бір негізге сүйеніп айтуы керек, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі қорытындыланды. Сегізінші мәрте ұйымдастырылған басқосуда сенім ғана емес, ғаламдық келеңсіздіктер мен адамзат ұшырасатын қиындықтардың тиегі тарқатылды. Әрбір ұсыныс өзара достыққа, дінаралық ынтымақтастыққа негізделгенін көрдік. Kazinform тілшісі ғалам дінбасыларының басын қосқан жиында қандай тұжырым жасалғанын тарқатты.