Мұғалім мен оқушы диалог құрып, көп сөйлескені абзал – ұстаз
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Мейрамкүл Сатаева 40 жылға жуық уақыттан бері Ырғыз ауданының шалғай ауылы Құйлыста физика пәнінен сабақ береді. Талай шәкірт тәрбиелеген ұстаз ауыл мен қала баласын бөліп, олардан айырмашылық іздеу дұрыс емес деп есептейді. Сонымен бірге балалардың сөздің қорын көбейту үшін оқушымен көп сөйлескен жөн деп санайды. Мейрамкүл Сатаева Kazinform тілшісіне ұзақ жылдардағы тәжірибесі мен өзі жеткен жетістіктері туралы айтып берді.

Ырғыз ауданы Құйлыс орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі биыл зейнет жасына толады. Осыдан 36 жыл бұрын ауылдағы мектепке физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасып, бір кездері директордың оқу ісі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да болды.
- Қызылорда облысы, Арал ауданында туып-өсіп, отбасы жағдайына байланысты Ырғыз ауданының Тәуіп ауылдық округіне көшіп келдік. Алдымен Жайсаңбай ауылында, кейін осы Құйлыста оқып, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түстім. Өзім филилог болғым келген, бірақ ол кезде сол мамандыққа сұраныс көп болып, физиканы таңдадым. Оқу бітіріп, қолыма үздік диплом алған соң алдымен Жайсаңбай ауылындағы мектепте бір жыл сабақ бердім. Кейін тұрмысқа шығып, Құйлыс ауылындағы мектепке орналастым. Бір мектепте қызмет етіп жүргеніме биыл 36 жыл толды,- деді Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Мейрамкүл Сатаева. Физика пәнінің мұғалімі зейнет жасына жақындап қалды.
Ол өз орнын басатын шәкіртін күні бұрын дайындап қойған. Құйлыс орта мектебінде Нұрлан Бижақып жас маман болып оралып, еңбек етіп жүр.
Бес қыз өсіріп, тәрбиелеген ұстаз білім бәрін теңестіреді деп санайды. Тек оқушыларды ауыл және қала баласы деп бөлгенді қаламайды.
- Қазіргі таңда қала баласы мен ауыл баласының арасында айырмашылық бар деп көп айтып жатыр. Мен бұл пікірмен онша келіспеймін. Неге? Себебі қала мектебіндегі оқу процесіне қажеттінің бәрі қазір ауылдан табылады. Біз әлеуметтік желімен жақсы жұмыс істей аламыз, түрлі сайт арқылы жаңа ақпаратпен таныстырамыз, олимпиадаға балаларды дайындап, қатыстырамыз. Елдегі заманауи әдістемені біз де сабақ беру кезінде қолданамыз. Көшке ілеседі, тіпті алдында жүр деп айта аламын. Біздің мектепті бітірген түлектердің көбі жоғары оқу орындарын да үздік бітірді. Кейінгі кезде ауылға келіп, жұмыс істеп жатыр,- деді Мейрамкүл Сатаева.
Ұстаздың айтуынша, ауылға қажетті кадр жайын алдын ала ойластырады. Мектеп оқушыларын да сол салаға бағыттап, ақыл-кеңесін беріп отырады.
- 40 жылға жуық уақытта мен талай маманды дайындауға үлес қостым деп есептеймін. Медицина, білім, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шәкірттерімді, жастарды мақтан тұтамын. Олар ел үшін қызмет атқарып жүр. Ауыл мектебі болғанымен Құйлыста 10 кабинет жасақталған. Зертханалық жұмыстарға арналған құрал-жабдығымыз да бар. Өзім кабинетте толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бар деп есептеймін,- деді ұстаз.
Мейрамкүл Сатаева білім мен тәрбиені қатар алып жүру ұстаздың міндеті деп есептейді. Дегенмен бұрынғыға қарағанда қазір тәрбиеге басымдық берілген.
- Балалар бұрын ұяң еді. Өзіміздің ойымызды еркін айта алмайтын едік. Қазіргі кезде балалар еркін, ойын ашық айта алады. Техника мен технологияның әсері бар деп білемін осы тұста. Педагогтер бұрын дәстүрлі сабақ берді. Қазір ол қалды. Жаңашылдыққа жол ашып, барлық мүмкіндікті пайдаланамыз. Дегенмен баяндау әдісі қалып барады. Сол арқылы кері байланыс жасауға болатын еді. Бұл не береді? Бала ойын айтуға, еркін сөйлеуге үйренеді. Себебі балалардың сөздік қоры азайған. Қалада қатты байқалады. Ауылда да осы проблема бар. Адамдармен сөйлескен кезде мүдіріп қалады. Мұғалім диалог құрып, осыны тәжірибесіне енгізсе екен,- деді Мейрамкүл Сатаева.
Айта кетейік, Мейрамкүл Сатаева 2017 жылы Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері атаны. 2021 жылы білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жоғары жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатын алды. Сонымен бірге сол жылы «Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл», «Желтоқсан ардагері» төсбелгілерін тақты.
Еске салсақ, Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаздарға гүл сыйлауға бола ма?» деген сауалға түсінік берді.