Мұғалімдер мен мектеп директорларын жұмысқа алудың жаңа тәртібі күшіне енеді
АСТАНА. KAZINFORM – «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтары лауазымдарына тағайындау, лауазымдарынан босату қағидаларын бекіту туралы» Білім министрі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірлескен бұйрығының жаңа редакциясы 15 сәуірде күшіне енеді.

Жаңа тәртіп бойынша білім беру ұйымының басшысы лауазымына конкурс өткізу мынандай кезеңдерден тұрады:
— бос лауазым пайда болған күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірмей конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
— конкурсқа қатысуға үміткерлерден құжат қабылдау;
— үміткерлердің құжаттарының Үлгілік біліктілік сипаттамаларының біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру;
— мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу.
Ал орта білім беру ұйымдарының лауазымдарына педагогтарды тағайындау конкурсы «Педагогты жұмысқа қабылдау» модулі (https://hr-nobd.edu.kz/) арқылы электронды форматта өткізіледі. Бұл модуль іске қосылғанша конкурс құжаттары қағаз күйінде қабылданады. Ал іске қосылғаннан кейін де порталда ақау бола қалса, қағаз күйінде құжат қабылдауға рұқсат берілмек.
Конкурс нәтижелері туралы шешімді үміткердің жинаған ұпайлары бойынша конкурс комиссиясы қабылдайды. Ең көп ұпай жинаған үміткер конкурс жеңімпазы болып есептеледі және оған шешім қабылдауға 24 сағат уақыт беріледі.
Бұл комиссияның құрамына білім беру ұйымы әкімшілігінің өкілдері (біріншіден басқа меңгерушісі), тиісті әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері, білім беру саласындағы азаматтық қоғам өкілдері, аудандық (қалалық) білім бөлімінің мамандары, мұғалімдер кіре алады.
Сондай-ақ, конкурсқа құжат ұсынған үміткердің сыбайлас жемқорлықпен байланысы бар екені анықталса, конкурс процедурасынан кез келген уақытта шеттетілетіні айтылған.
Құжатта педагогті де, білім беру ұйымының басшысын да жұмыстан босату тәртібі Еңбек Кодексі 49-бабының 1), 2), 3), 5), 6), 7), 8), 9 тармақшаларында көрсетілген тәртіп бойынша жүзеге асатыны да айтылған.
Бұған дейін БҚО-дағы мектеп ғимаратынан шаштараз қалай ашылғанын жазған едік.