Мүгедек баламды бағудан бас тартқан емеспін - Гүлжанат Алдабергенова

 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Екі мүгедек бала тәрбиелеген Гүлжанат Алдабергенова мен Асылбек Оспанов ажырасып, бала ата-анаға тең бөлінді. Гүлжанат Алдабергенова өзін «баламызды сәбилер үйіне тапсырып жіберді» деп айыптаған бұрынғы күйеуін сотқа беруді жоспарлап отыр.

Мүгедек баламды бағудан бас тартқан емеспін - Гүлжанат Алдабергенова

 Ол «көкек ана» деген сөз ар-намысына тигенін жасырмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Асылбек Оспанов пен Гүлжанат Алдабергенова 2009 жылы отау құрды. Бір жылдан соң жас отбасы балалы болды. Ата-анасы алғашында Жанатбек Абдолланың туа бітті мүгедек болғанын білмеген, сезбеген. Дәрігерлер мен білікті мамандар тексеріп, бірнеше анализ тапсырып, басына су жиналған, ісік бар, қан ұйыған деген қорытынды шығарылды. Дереу ауруханаға жатқызылды, ем жүргізілді. Бас сүйегінің өсуі тежелген тұста ата-ана балаға туа бітті сал ауруына шалдыққан деген құжаттар жинады. Дәл сол кезде Гүлжанат Алдабергенова тағы да жүкті болып, екінші сәбиін өмірге әкелді. Рахат Абдолла да туа бітті сал ауруымен дүние келді. 2010, 2011 жылдары дүниеге келген баларына ем жасау үшін ерлі-зайыпты пәтер жалдап тұрды.

«Басыңа қиындық түскенде бәрі қашып кетеді. Әркімнің өз өмірі бар. Сол кезде менің ата-анам қолұшын беріп, ақылын айтты. Біз Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданындағы менің ауылыма барып, бірге тұрдық. 5 жыл бойы ата-анамның жанында болдым. Экологиялық ахуал деп Атырау облысында мұнайшы болып жұмыс істеп жүрген күйеуімді Ақтөбенің Жаңажол кен орнына ауыстырдық. Сол кезде пәтерге ақша жинауды бастап, жаңа көлікті несиеге сатып алдық. Бәрі бірқалыпты болды. Бір күні отбасылық жанжалдан соң ол кетіп қалды. «Бала ауру, мүгедек» деген сөзді күйеуімнен жиі естіп, мен де шаршап кеттім. Өз еркімен жүре алмайтын, тамақты құтымен ішетін баланы бағып-қағу анаға да, әкеге де қиын. Оған төздім»,- деді Гүлжанат Алдабергенова.

Кейін Асылбек Оспанов пен Гүлжанат Алдабергенова ажырасуға шешім қабылдады. Сот отырысы кезінде ерлі-зайыптының несиесі мен бар мүлкі тең екіге бөлінді. Екі баланы өзіне алған Гүлжанат Алдабергенова кейін алимент өндіруді жөн санады. Сол кезде Асылбек Оспанов бір баланы өзі бағуға шешім қабылдап, ортақ келісімнен соң туа бітті сал ауруына шалдыққан Рахат Абдолла әкесінің қамқорлығына берілді. Сол кезде алимент өндіруге берілген арыз кері қайтарылды.

«Бұрынғы күйеуімнің айыптауын әлеуметтік жері арқылы оқыдым. Ол «баламызды интернатқа тапсырып жіберген» деп жазып, мені қаралады. Ал мен ұлым Жанатбекті «Жайна» оңалту орталығына бердім. Бір жыл ем қабылдайды, біздің қолымыздан келмеген көмекті дәрігерлер жасайды. Арнайы орталықтың қызметімен жіті танысып, 7 жастағы ұлымды мамандарға сеніп тапсырдым. Соны естіп, біліп, маған «сен тапсырып жібердің» деп айыптап отыр. Мен қазір жұмыс істеп, ортақ несиеміздің өзіме тиесілі бөлігін төлеп отырмын. Ақтөбе қаласынан үй алып, орталықтағы медициналық көмекпен балама күтім жасауды армандаймын. Жылап, үйімде отырсам, ешкім қолындағыны бермесі анық. Сондықтан қиын да болса осы шешімді қабылдадым. Мен апта сайын пойызбен келіп, баламды қараймын. Тәрбиеші, дәрігерлермен телефон арқылы сөйлесіп, бейнебайланысқа шығамын. Осындай жағдайда бұрынғы күйеуім елдің алдында мені масқаралады. Енді негізсіз айыптап, ар-намысыма тигені үшін сотқа беремін. Қажет болса екі баламды өзіме алып, бағамын»,- деді Гүлжанат Алдабергенова.

Айта кетейік, Гүлжанат Алдабергенова орта арнаулы, жоғары оқу орындарын тәмамдаған. Ол жоғары оқу орындарында дене тәрбиесі, педагогика мамандықтарын алып шықты. 2013 жылы балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналасты.

«Оңалту орталығына келген соң ұлымның денсаулығы өзгерді. Үнемі аузынан су ағып жүретін еді. Ол тыйылды. Мен үшін ол да қуаныш. Сәл де болса жақсы арнаға бұрылып еді, ел мені айыптап, «көкек ана» деп тани бастады. Телефон шалып, әлеуметтік желідегі сөздерді жеткізгендер көп болды. Бәрі мені негізсіз айыптады. Баламнан бас тартпаймын, интернатқа тапсырмаймын. «Ішімнен шыққан шұбар жылан». Ауру болса да мен үшін бала. Өзім балабақшада жұмыс істеймін. Өзгенің баласына тәрбие беріп, өз баламды өңменінен итерсем менің кім болғаным? Ол жүрмесе де, күлмесе де, ана деп мойныма асылмаса да балам бар өмірім. Асылбек Оспанов жұмыстан шығып, балаға берілетін жәрдемақыны алып отырғанымды қалайды. Ал баланың еміне ол ақша жетпейді. Бұлшық етке арналған 1 екпе 150 мың теңге тұрады. Ол бала үшін көмек сұрасын, бірақ мені қараламасын»,- деді Г.Алдабергенова.

Гүлжанат Алдабергенова мүгедек бала туғанына ұялмайтынын, оларға қолдан келер бар көмекті беретінін айтты.

«Балам ауру деп жылап, жұмыссыз жүрсем, ел мүсіркейді, бірақ көмектеспейді. Мен «балам мүгедек» деп айтауға арланатын, ұялатын ата-ананы да көрдім. Күні-түні жүгіріп, ұйықтамай өсірген балаларымды тастамаймын. Адамдардың ойы, сөзі жаныма батқан соң шындықты айттым»,- деді ол. 

null null