Мүгедек жандарды оқытатын колледждерге қаражат екі есе көп бөлінбек
Жүйені енгізу аясында білімге қатысты ерекше қажеттілігі бар колледждерді қаржыландыру сомасын екі есеге арттыру жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда, үш өңірде Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарында жаңа жүйе бойынша жұмыс бірінші болып басталатын болды. Егер пилоттық жоба сәтті болып жатса, 2018 жылдың қыркүйек айында қаржыландыру жүйесінің тың бағытымен бүкіл Қазақстанның өңірлері қамтылатын болады.
«Демек, қарапайым студентті оқыту үшін бір сома бөлінсе, сол колледж мүмкіндігі шектеулі баланы қабылдаса бұл сома екі еселене түседі. Біздің ойымызша, бұл колледждерді қызықтыра түсуі керек. Тапсырма беру бір жұмыс та, қызықтыра білу екінші жұмыс. Бұл әзірге тек жоба. Қазіргі уақытта бір сау бала үшін 400 мың теңге төлеу мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз», - дейді Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов «Нұр Отан» партиясының отырысынан кейін.
Бұдан түскен қаражатты колледж басшылығы өз қалауына қарай жұмсайтын болады. Яғни, бұл соманы мұғалімдердің айлығын арттыруға немесе сыйақы беру, қосымша адамдарды жалдау, құрылыс жұмыстарын жүргізу бағытында жұмсауына ерікті.