Мүгедектігі бар жандарға тұрғын үй алуда мемлекет қандай көмек көрсетуде

Мүмкіндігі шектеулі жандар
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Мүгедектігі бар азаматтарға 423 және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 305 тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді.

«Бүгінгі күні елімізде 56 мың бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адам және 25 мың мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында министрлік мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігін іске асыруда. Жеңілдетілген ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін азаматтарға тұрғын үй сертификаттары беріледі. Олардың максималды сомасы — 1,5 млн теңге. 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 474,8 млн теңгеден астам сомаға 423 сертификат және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы шамамен 344,1 млн теңгеге 305 сертификат берілді», — деді Қуандық Қажкенов.

Вице-министрдің айтуынша, бұл тетік жергілікті бюджет есебінен іске асырылуда.

Сондай-ақ, ведомство өкілі 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кезекте тұрған азаматтардың кейбір санаттарына, оның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының бір бөлігі субсидияланып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда 9 955 отбасы төлем алады, оның ішінде бірінші және екінші топтағы 854 мүгедектігі бар азамат бар және 703 мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы бар», — деді спикер.

Бұған дейін Үкімет отырысында елімізде 203 мың мүмкіндігі шектеулі бала тіркелгені хабарланды.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы енгізілетіні айтылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram