Мұқтаж жандарға баспана бөлу неліктен әкімдіктен «Отбасы банкке» өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков тұрғын үй кезегінде тұрғандарға баспана бөлу неліктен әкімдіктен «Отбасы банкке» өткенін айтты.

Оның атап өтуінше, аталған өкілеттікті банкке беру процесті жеделдетіп, ашық қыла түседі.
– Ең алдымен мұны бір терезе қамтамасыз етеді. Бұл – мониторинг, бақылау және бөлудің жеңілдетілген тәртібі. Яғни, азаматтардың әкімдік тарапынан баспананы дұрыс бөлмеуіне байланысты шағымдарына қатысты жағдай жойылады. Енді мұнымен «Отбасы банк айналысатын болғандықтан біріншіден баспана ашық, екіншіден әділ бөлінеді. Барлық жұмыс бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл да азаматтарға ыңғайлы, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, азаматтарды баспана кезегіне қою қызметінің банкке өтуі тұрғын үй алуды жеделдетпейді. Өйткені, қаржы институты баспананы бөлумен ғана айналысады. Ал баспана кезегінің тезірек жылжуы ең алдымен құрылыс көлеміне байланысты.
– Елімізде әлеуметтік те, нарықтықтық та тұрғын үй құрылысын ынталандыру шаралары жұмыс істеп тұр. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай әлеуметтік тұрғын үй құрылысын қолдай береміз. Кейінгі жылдары тұрақты өсім байқалады, - деді комитет басшысы.
Сондай-ақ ол мемлекет коммерциялық құрылысты дамыту үшін жағдай жасап отырғанына назар аудартты.
– Белгілі бір шарттар, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау кезінде инфрақұрылым жүргізу сияқты ынталандыру тетіктері бар. Бұл шараларды құрылысшылар белсенді қолданады. Сондықтан құрылыс мұнан ары қарқын алып, ал кезек жылдам қозғалады деп ойлаймын, - деді комитет басшысы.
Бұған дейін баспанаға мұқтаж жандарға қандай мемлекеттік көмек көрсетілетінін жазған едік.