Мұндай кең жерді алып жатқан ұлттың жойылып кетуі мүмкін емес – археолог

АСТАНА. KAZINFORM – «Республика тұлғасы» айдарының кезекті кейіпкері – белгілі археолог Зайнолла Самашев. Ол – мыңдаған жыл бойы мұз құрсауында жатқан сақтар мұрасын тауып, қазақтың бай тарихын жаңғыртқан ғалым. Бүгінде Берел қорымынан табылған жәдігерлер қазақтың ғана емес, күллі әлемнің құндылығына айналған. Осы аптада Зайнолла Самашев Президент қолынан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы 2025 жылғы мемлекеттік сыйлықты алды. Бұл марапат биыл тұңғыш рет беріліп отыр. Республика күнінде мемлекеттік сыйлық иесі Jibek Joly телеарнасына сұхбат берді. 

Зейнолла Самашев
Фото: видеодан алынған скрин

Шетелдік ғалымдар Берелден басқа халықтың мәдениетін табуға тырысты

Зайнолла Самашев тапқан Берел қорымын «Патшалар алқабы» деп атайды. Мұндағы мүйізді аттар, алтын әшекейдегі мифтік жануарлар, балқарағайдан ойып жасалған саркофаг қазақ жерінде осыдан екі мың жыл бұрын дамыған өркениет болғанын айғақтап, нағыз мәдени төлқұжатқа айналды. Тіпті 1998 жылы табылған бұл қорым 20 ғасырдың археологиялық сенсациясы атанған. Алтайдың мұзы мен тоңы болмаса, бұл ағаш бұйымдар бізге жетпес еді, дейді ғалымның өзі.

– Жалпы Берелде табылған құндылықтардың кереметтігі – сол кезде өмір сүрген адамдардың эстетикалық талғамы, көркемөнерінің даму деңгейі, айналадағы көрші халықтармен араласуы деген сияқты проблемаларды зерттеуде бірден-бір дереккөз болып есептеледі. Қазба жұмысын 1998 жылы бастаған кезде бізбен бірге Ресейдің, Францияның, Италияның ғалымдары бұл құндылықтардың ішінен көрші қытайдың элементтерін, көрші Грекия-Бактрия, ахеменидтік персия, солардың элементін табуға тырысып, солардың әсерінен пайдап болған дүние деп айтуға тырысты. Біз көрші халықтармен мәдени алмасу, экономикалық алмасу, саяси-әскери алмасу мәселелерін жоққа шығармаймыз, бірақ осы құндылықтың бәрін басқа жақтан келген адамдар жасаған деген концепцияның дұрыс еместігін айтқанбыз, айтып та келеміз. Осы жерде өмір сүрген халықтардың төл мәдениеті, өздерінің дүние танымына байланысты жасалған образдары, - дейді зерттеуші. 

Ғалым Қазақстанның егемендігі тарихи-табиғи құбылыс болғанын атап өтті. 

– Тәуелсіздік алған кезімізді тарихи-табиғи құбылыс ретінде қабылдадық. Түбінде осылай болуға тиіс болатын. Өйткені, қазақ этносы деген ұлы даланың төрінде орналасқан, әртүрлі қиындықтарды жеңе білген, мәдени құндылықтарын сақтай білген халық болғандықтан түбінде еркіндігін алып, әлемдегі орнын анықтап, үлкен этностардың бірі деп есептейтінбіз. Солай болды да. Мұндай керемет жерді алып жатқан этнос жойылып кетуі мүмкін емес, - дейді З.Самашев.

Қазақстанда неше «Алтын адам» бар?

Әсіресе Зайнолла Самашевтың есімі қазақ археологиясының жаңа дәуірімен тығыз байланысты. Тәуелсіздік алған жылдары археология ғылымы мен қазба жұмыстрына ерекше көңіл бөлініп, қазба жұмыстары жанданды. Осылайша еліміздің батысында да, шығысы мен орталығында да алтын киіммен жерленген адамдар табыла бастады.

– Жалпы «Алтын адам» ұғымына келсек, тоналмаған екі-ақ алтын киімді адам бар –1969 жылы Есіктен табылған және Елеке сазынан табылған Ерте сақ дәуірінде өмір сүрген адам. Олардың арасында 4 ғасырлық айырмашылық бар. Қалғандары – Шілікті, Талды, Аралтөбеден табылды, ондағы адамдардың киімдері шашылған, тоналған. Жаңғырту кезінде де басқа үлгілермен салыстыра отырып, шамамен құрастырылған, көп элементтері шындыққа сәйкес келмеуі мүмкін. Ал тоң басқан обаларда органикалық материалдар жақсы сақталып, аса құнды жәдігерлер бізге жетті, - дейді археолог.

Оның айтуынша, мұндай жерлеу рәсімі Орталық, кіндік Азиядағы сақтар дәуіріндегі кең тараған құбылыс және негізгі ошағы – қазіргі қазақ даласы деп атауға болады.

– Мұны сақтардың алтын дәуірі деп атауға болады. Біздің заманымызға дейінгі 8 ғасырдан бастап, б.з.д. 4-3 ғасырлар аралығында ерекше мәдениет қалыптасып, ерекше құбылыс, серпіліс болған. Оның негізгі ошағы – қазіргі қазақ даласы, сосын Саян-Алтай жүйесі деуге болады. Тува, Хакасия, Оңтүстік Сібір жақта да алтын киімді адамдардың қаңқалары табылып жатыр. Мұның өзі сол ғасырлардағы ерекше серпіліс, мәдени құбылыс болғанын көрсетеді.

Әсіресе зергерлік бұйым жасау технологиясы, жұқа алтыннан қаңылтыр жасау, сіркелеу тәсілдері ерекше болды. Қанжардың қынабын, құрал жабдықтарды, киімді аң стилінде бұйымдармен сәндеген. Бәрінің артында үлкен технологиялық, экономикалық, шаруашылық, мәдени жетістіктер тұр. Өйткені металдарды игеру үшін алдымен оларды табу керек, қорыту керек, осындай құндылықтар жасау керек. Осындай өнерді сақтап қалу үшін шеберлер мектебінің қалыптасқаны анық. Осылардың бәрі қазақ даласының түкпір түкпірінен табылып отыр, - деді З. Самашев.

Қазақ тарихында әлі де зерттейтін тақырып көп

Зайнолла Самашевтың археологияда жүргеніне 60 жыл болды. Ол Орталық Азиядағы петроглифтерді алғаш зерттеп, ғылыми айналымға енгізген. Сондай-ақ кейіпкеріміз Атыраудағы Сарайшық қалашығында, Алматы түбіндегі Боралдай қорғандарында қазба жүргізіп, археологиялық парктер құруға септігін тигізген. Сексен жасқа таяған ғалым әлі де экспедицияларға қатысып, ғылыми еңбектер мен монгорафиялар жазып жүр.

– Жақында «Көне замандағы бейнелеу өнерінің нұсқалары» деген кітапты жазып бітірдім, осы жылдың аяғына дейін шығады. Қару-жарақ дамуының артында да үлкен проблемалар бар, тас дәуірінен бастап, түркі дәуіріне дейінгі әскери іс пен қару-жарақтың дамуын зерттеу керек. Ата-бабамыз жасаған құндылықтарды, солардың бірден-бір мұрагеріміз деген идеяны жеткізу керек. Қазақ халқы аспаннан салтырап түскен жоқ, мыңдаған жылдар бойы тарихи, этно-мәдени құбылыстардың арқасында Еуразия кеңістігіндегі үлкен ұлы халықтардың бірі болып отырмыз, - деді ол. 

З. Самашев қоғамның археологиялық зерттеулерге деген сұранысы жыл сайын өсіп жатқанын атап өтті. Өйткені Тәуелсіздік алғалы тарихымыздың беймәлім тұстарын қалпына келтіруге байланысты толыққанды зерттелмеген материалдарды алу үшін археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу керек. 

– Әлі де біздің көне және орта ғасырлық тарихымызда зерттелмей жатқан, зерттеуге тиісті жақтары өте көп: шаруашылық жүйесі, экономикасы, дүниетанымы, қалалар бар, қоныстар бар, көне экономиканы зерттеу алға қойылып отыр. Өйткені технологиялық даму болмаса, қоғамда алға жылжу болмайды. Әсіресе сақтардың тарихи-экономикалық жүйесіндегі өзгерістер, олардың қоныстары мен қалалары деген мәселелер бұрын зерттелмеген. Сондықтан да сақтардың мәдениетіне біржақты көзқарас қалыптасқан. Оларды ек қана көшпенді халық деп ойлайды. Шын мәнінде олар отырықшы да болды, қалалар салды, озық технологиясы болды. Осылардың бәрін көрсете алу керек, - дейді ғалым.

Зерттеу көлемін ұлғайту бір мәселе, екіншіден табылған дүниелерді жаңа парадигмамен, методологиялық көзқараспен зерттеу керек 

Сонымен бірге, табылған заттарды қалпына келтіру, жүйелеу, бір орталыққа біріктіру де маңызды. 

– Әрбір кезеңде археология ғылымының алдында ерекше бір міндеттер қойылады. Ғылымға келіп жатқан жас ұрпақтың алдында мүлдем басқа міндеттер мен мақсаттар, проблемалар тұр. Пәнаралық зерттеулер, халықаралық интеграциялар бұрын аз болды да, қазір көбейіп келе жатыр. Біз жұмыс істеген жылдары Қытай, Корея, Жапония, Америка ғалымдарымен бірге жұмыс істеу, солардың зертханасын пайдалану мүмкіндігі аз болды. Сондықтан әрбір зерттеуші мамандардың өз өмір сүрген кезеңде мақсат-міндеттері болады, соған байланысты жүзеге асырылуы керек. Қазір полигенетикалық зерттеулер шықты, ДНҚ-ларды бөліп алып, сол кездегі адамдардың табиғи ортасы, тағамдары, аурулары, шөптері, басқа да ерекшеліктерін қарауға болады. Олар қосымша мүмкіндіктер туғызады, - деді Зайнолла Самашев.

Бұған дейін Қазақстан егемендікке қалай қадам басқаны жөнінде шолу жарияланған еді.

Соңғы жаңалықтар