Мұз астындағы мүдде: АҚШ неге Гренландияға көз тікті
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдегі ең ірі арал – Гренландия қайтадан жаһандық саясаттың назарына ілікті. АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелері, аралдың Солтүстік Американың қорғаныс жүйесіндегі стратегиялық рөлі, климаттық өзгерістер мен табиғи ресурстарға деген қызығушылық Арктикадағы автономияны әлемдік бәсекенің негізгі түйініне айналдырып отыр. АҚШ үшін Гренландияның маңызы неде? Сауалды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі тарқатты.
Ең ірі аралдың географиясы
Гренландия (гренланд тілінде – Kalaallit Nunaat, дат тілінде – Grønland) – Жер шарындағы ең ірі арал. Ол Солтүстік Американың солтүстік-шығысында орналасқан және географиялық тұрғыдан осы құрлыққа жатады. Аралды Атлант және Солтүстік Мұзды мұхит сулары шайып жатыр.
Астанасы – Нуук. 2019 жылы онда 17 984 адам тұрған. Қала – батыс бөлігіндегі түбекте орналасқан елдің саяси, экономикалық және мәдени орталығы.
Аралдың үштен екісінен астамы Солтүстік поляр шеңберінен солтүстікке қарай созылып жатыр. Солтүстік ұшы Солтүстік полюстен 800 шақырымға да жетпейді. Солтүстікте Гренландия мен Канаданың Элсмир аралы арасында тек 26 шақырым қашықтық бар, ал Еуропадағы ең жақын ел – шамамен 320 шақырымдағы Исландия.
Аралдың басты ерекшелігі – алып мұз жамылғысы, ол аумақтың бестен төрт бөлігін басып жатыр. Мұздан бос жерлер көбінесе жағалауда орналасып, тау ландшафтымен ерекшеленеді. Аралдың ең биік нүктесі – оңтүстік-шығыстағы Гуннбьерн тауы. Оның биіктігі – 3700 метр.
Байырғы халқы – инуиттер, ал олардың Гренландиядағы өкілдері – калааллиттер. Арал тұрғындарының 10%-дан астамы – даттар. Олардың көбісі Данияда туған.

2009 жылы қабылданған өзін-өзі басқару туралы заң калааллитті бірден-бір ресми тіл деп бекітті. Бұған дейін ресми тіл дат болған, ол бүгінгі күні халықтың 10%-ының ана тілі болып саналады. Сонымен қатар ағылшын тілі де кең қолданылады.
Халық аралдың барлық аумағына бөлінгенімен, басым бөлігі 18 муниципалдық аймақта шоғырланған, қалғандары шағын ауылдарда тұрады. Бірақ XXI ғасырдың басында жоғары эмиграцияға байланысты демографиялық өсім тұралады.
1953 жылы Гренландия ресми түрде Дания Корольдігінің құрамына кіріп, тұрғындары дат азаматы мәртебесін алды. 1979 жылғы референдум аралға ішкі саясатты бақылау құқығын берді, ал сыртқы саясат пен қорғаныс Данияға жүктелді.
Гренландия бастапқыда 1973 жылы Даниямен бірге Еуропалық қауымдастыққа қосылды, бірақ 1985 жылы референдум арқылы өзінің мәртебесін өзгертіп, ЕО-ның сыртқы территориясына айналғаны есте. Бұл балық аулау құқықтарына қатысты дау-дамайдан туындаған шешім еді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Гренландия
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия Гренландия маңындағы Арктика су айдындарында теңіз операцияларын жүргізді. Бұл тұста Данияның АҚШ-тағы елшісі Генрик Кауфманн Германияның Данияны басып алуын мойындамады. Осылайша, 1941 жылы 9 сәуірде АҚШ-пен келісімге отырып, америкалық әскери күштеріне Гренландиядағы базаларды пайдалануға рұқсат берді. Мұндай шаралар нацистік Германия Гренландияны АҚШ-қа ықтимал шабуыл жасау үшін плацдарм ретінде қолдануы мүмкін деген алаңдаушылықпен байланысты болды.
Шындығында, соғыс жылдары Гренландия тәуелсіз мемлекет атануға бір қадам жақын еді. Дания үкіметі аралды толық басқару мүмкіндігінен айырылды, ал тұрғындарды қамтамасыз ету және экспорттық саланы АҚШ пен Канада өз мойнына алды. Сонымен қатар Гренландия криолитіне сұраныстың жоғары болуы маңызды рөл атқарды. Себебі стратегиялық шикізат алюминий өндірісінде аса қажет.
Соғыс аяқталғаннан кейін, 1945 жылы Гренландия қайтадан Данияның құзыретіне берілді.
АҚШ-тың стратегиялық қызығушылығы мен Данияның ұстанымы
1946 жылы АҚШ әлемдегі ең ірі арал – Гренландия үшін Данияға 100 миллион доллар алтын төлеуді ұсынды. Аралдың геостратегиялық орналасуы мен сол кездегі халықаралық шиеленістің өсуін ескерген Вашингтон бұл ұсынысты «әскери қажеттілік» деп санаған. Ұсыныс құпия болып, тек 1991 жылы Дания баспасөзінің архивтік құжаттарды жариялауы кезінде белгілі болды. Кейбір БАҚ-та Гренландияны АҚШ-қа беру үшін Данияның 70 миллион доллар қарызын есептен шығару нұсқасы да қарастырылған деген болжамдар айтылды.
1947 жылғы 27 қаңтарда Time журналы «Полярлық шеңберлер» тақырыбында мақала жариялап, иллюстрация ұсынды. Солтүстік жартышардың картасында Аляска мен Гренландиядан таралатын шеңберлер арқылы Токио, Мәскеу, Каир және Тегеран сияқты әлемдік маңызды астаналарға қолжетімділік көрсетілген. Бұл Арктиканың жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі стратегиялық маңызын айқындады. Дегенмен, Вашингтон қызығушылық танытса да 1967 жылы Дания Корольдігі АҚШ-тың алғашқы ресми ұсынысын қабылдамады.
Дат Халықаралық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Миккель Рунге Олесеннің айтуынша, Дания мен АҚШ арасындағы қатынастар жылдар бойы прагматизмге және сенімге негізделген.
– Шағын мемлекет ретінде Дания сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелерінде америкалық позицияға жақын тұрды. Американың қауіпсіздік кепілдіктері негізгі рөл атқарады, ал Копенгагеннің Вашингтондағы ықпалы сенім мен ынтымақтастыққа дайындық арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл шағын мемлекеттің стратегиясы қырғи-қабақ соғыс басталған кезеңнен бері байқалады. Дания АҚШ-тың Гренландиядағы әскери нысандарын орналастыруына екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бастап ықпал етті. Соңғы онжылдықтарда АҚШ-Дат қатынасы ерекше нығайды. Себебі Дания НАТО операцияларына, әсіресе Ирак пен Ауғанстандағы операцияларға белсенді қатысып, сенімді одақтас ретінде беделін арттырды, – деп атап өтті сарапшы.

Гренландия АҚШ қауіпсіздігі үшін маңызды ма?
Дат сарапшысының пікірінше, Гренландияның АҚШ қауіпсіздігі үшін маңызы ең алдымен оның географиялық орналасуымен анықталады. Арал Солтүстік Америкаға апаратын негізгі әуе және теңіз маршруттарының қиылысында тұрғандықтан, онда бірнеше онжылдық бойы ерте ескерту, ғарыштық бақылау жүйелері және зымыранға қарсы қорғаныс элементтері орналастырылған.
Гренландияның қосымша рөлі Гренландия–Исландия–Ұлыбритания дәлізі (GIUK gap) аясында көрінеді. Бұл – Солтүстік Атлантикадағы ресейлік атомдық сүңгуір қайықтарының белсенділігін бақылауға арналған стратегиялық жүйелердің бірі.
Сарапшының атап өтуінше, АҚШ-тың Гренландияға қызығушылығы жаңа құбылыс емес. XIX ғасырдан бастап әртүрлі америкалық әкімшіліктер аралды сатып алу мүмкіндігін қарастырған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Вашингтон Гренландиядағы әскери базалардың маңызын жоғары бағалап, оларды тастауға асықпаған. Сол кездегі дат елшісі Хенрик Кауфманн америкалықтарды алғаш рет Гренландияға шақырған, бірақ келісім соғыс аяқталғаннан кейін күшін жоғалтатын болған.
– Президент Гарри Труман Гренландия үшін 100 миллион доллар ұсынған, бірақ Дания ұсынысты қабылдамаған. Данияның 1951 жылы НАТО-ға қосылуынан кейін ғана келісім қайта қаралып, АҚШ-тың аралдағы әскери қатысуы бекітілді, – дейді Миккель Рунге Олесен.
The New York Times дерегінше, 1951 жылғы келісімге сәйкес АҚШ бүгінгі күні де Гренландияда кең ауқымды әскери өкілеттіктерге ие. Құжат Вашингтонға аралдың бүкіл аумағында әскери базаларды «құруға, орнатуға, қызмет көрсетуге және пайдалануға» құқық береді, «қызметкерлерді орналастыруға», сондай-ақ әскери кемелер мен авиацияның «қонуын, ұшуларын және қозғалысын бақылауға» мүмкіндік береді.
– АҚШ-тың Гренландиядағы әрекет еркіндігі соншалықты кең, олар мұнда қажет деп санайтын кез келген қадамға бара алады, – деп атап өтті Олесен.
Оның айтуынша, Вашингтонға дұрыс және дипломатиялық түрде нақтыланған кез келген өтінішті кері қайтару өте қиын. Дегенмен, Гренландияны сатып алу мәселесі мүлде басқа саяси тақырыпқа жатады.
– Гренландия ешкімге, әсіресе АҚШ-қа сатылғысы келмейді. Сонымен қатар Данияның оны сатуға құқығы да жоқ, – деп қорытындылады сарапшы.
Трамптың аргументтері қандай?
Дональд Трамп Гренландияны сатып алу АҚШ үшін ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды деп есептейді және америкалық мүддені қорғау үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Гренландия – Арктикадағы маңызды теңіз жолдарын бақылау аймағы. Климаттық өзгерістер жағдайында мұздардың еруі жаңа солтүстік навигациялық маршруттарды ашып, өңірдің стратегиялық және экономикалық құндылығын арттырады.
Бүгінде аралдың экономикасы негізінен балық шаруашылығына сүйенеді және Дания үкіметінің субсидияларына тәуелділігін сақтап отыр. Дегенмен, соңғы жылдары халықаралық сарапшылар Гренландияның табиғи ресурстарына қызығушылықтың артқанын айтады. Бұл, ең алдымен, сирек жер элементтері, уран, темір кендері және ықтимал ірі мұнай мен газ қорына қатысты. Мұз қаптамасының азаюы ресурстарға жолды жеңілдетеді.
АҚШ қазіргі уақытта Гренландиядағы «Питуффик» ғарыштық әскери базасына ие. База зымыран шабуылдары туралы ерте ескерту жүйесін қамтамасыз етеді және Еуропа мен Солтүстік Америка арасындағы ең қысқа маршрутта орналасқандықтан, АҚШ-тың жаһандық қорғаныс инфрақұрылымында маңызды рөл атқарады. Экстремалды табиғи жағдайларға, база аумағының тоғыз ай мұз құрсауында жатуына қарамастан, әуежай жыл бойы жұмыс істейді. «Питуффик» АҚШ Қорғаныс министрлігінің ең солтүстік әскери базасы болып саналады, ол 821-ші ғарыштық құраманың қарауында және «Дельта-1» ғарыштық базасының құрамына кіреді.

Гренландияның тарихы көрсеткендей, АҚШ-тың аралға қызығушылығы – ұзақ мерзімді стратегияның бөлігі. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс және қырғи-қабақ соғыс жылдарында қалыптасқан. Сонымен қатар арал кең ауқымды автономияға ие және өз болашағын өз бетінше анықтау құқығын сақтап отыр. Данияның оны сатуға заңды өкілеттілігі тағы жоқ. Арктикадағы мұз қаптамасының еруі және ресурстар үшін бәсекенің күшеюі жағдайында Гренландияның маңызы арта береді. Дегенмен, АҚШ үшін аралдың мәртебесін қайта қараудан гөрі одақтастық механизмдерге сүйену тиімдірек.
Осыған байланысты 14 қаңтарда АҚШ-та Дания мен Гренландия сыртқы істер министрлерінің мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен келіссөздері өтті. Бұл Трамптың арал туралы мәлімдемелерінен кейінгі алғашқы ресми байланыс болды.