Мұз сарайы, театр, спорт нысандары – Павлодарда қандай жаңа ғимараттар бой көтерді

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодарда әлеуметтік салаға облыс бюджетінің 51% пайыздан астамы бөлінеді. Жалпы өңірде 25,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық 4,8% пайыз деңгейінде сақталып отыр. Бұл туралы өңір әкімі Асайын Байханов айтып берді. 

Павлодар
Фото: gov.kz

– Өңірде апатты мектептерді жою мен оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында бес жаңа мектеп салынды. Қосымша екі мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан басқа өңірімізде 20 млрд теңгеден астам қаражатқа 58 әлеуметтік нысан жөнделіп, 22 жаңа нысан салынды, – деді А.Байханов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Мұнымен қоса, 32 спорт алаңы мен кешені ашылды. Қазіргі таңда 11 спорт нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Бұл ретте ауыл халқы да назардан тыс қалған жоқ, елді мекендерде 6 бірдей спорт кешені ашылып, Ақсу қаласында заманауи Мұз аренасы пайдалануға берілді.

– Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында 4,3 млрд теңгеге 662 жабдық, 894,8 млн теңгеге 37 санитарлық көлік алынды. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың жабдықталуы 84% пайыздан 100% пайызға жетті, – деді Асайын Байханов. 

Сондай-ақ биыл Антон Чехов атындағы драма театры өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтсе, Екібастұз қаласында жаңа театрдың ашылуы өңір мәдениетінің өрісін кеңейтті. Облыстық мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 

Осы жұмыс аясында Иса Байзақов атындағы облыстық филармония, Антон Чехов атындағы драма театры және «Шаңырақ» облыстық орталығы жаңа автобустар мен автокөліктерге қол жеткізіп, көшпелі іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін кеңейтті. Сонымен бірге, демеушілердің қолдауымен Зағип азаматтарға арналған, қалалық және Мүбәрәк Жаманбалинов атындағы балалар кітапханалары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Бұған дейін Асайын Байханов Павлодар шаруалары рекордтық 1,1 млн тонна астық жинағанын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар