Мьянмада 6 мыңнан астам тұтқынға рақымшылық жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Мьянманың әскери хунтасы тәуелсіздіктің 78 жылдығына орай, ел бойынша 6 мыңнан астам тұтқынға рақымшылық жасады, деп хабарлайды ANEWZ.

Мьянмада 6 мыңнан астам тұтқынға рақымшылық жасалды
Фото: Анадолы

Ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік кеңесі түрме, тергеу изоляторы және лагерьлерден 6134 тұтқынды босатуға бұйрық берді. Олар мұны «халықтың санасы мен жүрегін тыныштандырып, адамзатқа құрмет көрсету» әрекеті деп бағалады.

Сонымен қатар, Мьянма президентінің міндетін атқарушы 52 шетелдік тұтқынға, оның ішінде Қытай азаматтарына, түрлі түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға рақымшылық жасап, елден шығарды. Бұл шешім халықаралық достық қарым-қатынасты сақтауға және гуманитарлық қағидаттарды қолдауға бағытталған деп хабарлайды.

Былтыр хунта желтоқсандағы сайлау қарсаңында үш мыңнан астам саяси тұтқынға рақымшылық жасап, 5580 адамға тағылған айыпты алып тастап, оларды босатуға бұйрық берді.

Мьянма әскері 2021 жылы төңкеріс кезінде билікті басып алып, демократия үшін ұлттық лига (NLD) басқаратын сайланған үкіметті құлатты. Билікті басып алу жаппай азаматтық толқулармен қатар жүрді. Наразылық шаралары басылып, мыңдаған адам түрмеге жабылған болатын.

Еске салайық, жыл соңында Мьянмада жалпыұлттық сайлаудың алғашқы кезеңі аяқталды.

Соңғы жаңалықтар