Мьянмада жалпыұлттық сайлау басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Мьянмада 2025 жылғы көппартиялы демократиялық жалпыұлттық сайлау басталды. Оның алғашқы кезеңі жексенбі күні өтеді, деп хабарлайды Синьхуа.
Сайлау үш кезеңде ұйымдастырылады. Екінші кезең 2026 жылғы 11 қаңтарға, ал үшінші кезең 25 қаңтарға белгіленген.
Дауыс беру бүкіл ел бойынша 692 сайлау округінде өтеді. 57 саяси партиядан шамамен 5000 үміткер Одақ Ассамблеясының (парламенттің) екі палатасындағы — Халық өкілдері жиналысындағы (төменгі палата), Ұлттар жиналысындағы (жоғарғы палата), сондай-ақ өңірлік заң шығарушы органдардағы орындар үшін күреседі.
Сайлау нәтижесінде жаңа парламенттің құрамы айқындалады. Кейін парламент жаңа президентті сайлайды, ал президент өз кезегінде жаңа үкіметті қалыптастырады.
Сайлау комиссиясының деректеріне сәйкес, ел аумағында жалпыұлттық сайлауды өткізу үшін барлығы 21 517 сайлау учаскесі ұйымдастырылған.
Мьянмада соңғы жалпыұлттық сайлау 2020 жылғы қараша айында өткен.
Қазақстан мен Мьянманың қазіргі өзара іс-қимылы және серіктестік перспективалары туралы Kazinform агенттігінің материалынан оқи аласыз.