Мьянмада жалпыұлттық сайлаудың алғашқы кезеңі аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Мьянмада өтетін көппартиялы демократиялық жалпыұлттық сайлаудың алғашқы кезеңінде дауыс беру аяқталды, деп жазды Синьхуа.

Мьянмада жалпыұлттық сайлаудың алғашқы кезеңі аяқталды
Фото: Анадолы

Дауыс беру жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06:00-де басталып, сағат 16:00-де Янгон қаласының Чаутада ауданындағы сайлау учаскелерінің бірінде сайлау комиссиясының қызметкері оның жабылғанын жариялады.

Учаске жабылғаннан кейін сайлау комиссиясының қызметкерлері жергілікті және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының, кандидаттардың және бақылаушылардың қатысуымен дауыс санауға кірісті. Бұл ретте Халық өкілдері жиналысына (парламенттің төменгі палатасы), Ұлттар жиналысына (парламенттің жоғарғы палатасы), сондай-ақ штаттар мен аймақтардың заң шығарушы органдарына үміткерлер үшін алдын ала берілген дауыстар да есепке алынды.

Мьянманың Ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік кеңесінің ақпараттық тобының мәліметінше, жексенбі күні сайлау учаскелерінде сайлау барысындағы тәртіп пен еркін дауыс беру үдерісін бақылау үшін халықаралық байқаушылар тобының 139 өкілі мен дипломатиялық корпус өкілдері болды.

2025 жылғы жалпыұлттық сайлау үш кезеңнен тұрады. Екінші және үшінші кезеңдер тиісінше 2026 жылдың 11 қаңтары мен 25 қаңтарында өтеді.

Сайлау 692 сайлау округінде өткізіліп жатыр. Ұлттық және өңірлік заң шығарушы органдардағы орындар үшін 57 саяси партиядан шамамен 5000 кандидат бақ сынауда. Одақтық сайлау комиссиясының деректеріне сәйкес, ел бойынша барлығы 21 517 сайлау учаскесі құрылған.

Сайлаудың түпкілікті нәтижелері дауыс берудің барлық кезеңдері аяқталғаннан кейін жарияланады.

Мьянмада соңғы жалпыұлттық сайлау 2020 жылдың қараша айында өткен болатын.

Бұған дейін Мьянмада жалпыұлттық сайлау басталды.

Соңғы жаңалықтар