Мьянмадағы жер сілкінісі: тарихи Ава қаласы қирандыға айналды

АСТАНА. KAZINFORM – Жер сілкінісі нәтижесінде қаланың тарихи бөлігі, соның ішінде діни ғимараттар қатты зақымдан, деп жазды Анадолы агенттігі.

Мьянмадағы жер сілкінісі: тарихи Ава қаласы қирандыға айналды
Фото: Анадолы

Мьянмада болған 7,7 және 6,4 балдық жер сілкінісі салдарынан Мандалай аймағындағы тарихи Ава қаласы айтарлықтай зардап шекті.

Myanmar Now веб-сайтының хабарлауынша, жер сілкінісі қаланың тарихи бөлігін, соның ішінде пагодаларды (буддисттік, индуизмді немесе даостық діни ғимараттар) және діни ғимараттарды қатты зақымдаған.

Елдегі екінші ірі шаһар Мандалайдан 10 шақырымдай жердегі тарихи Ава қаласының маңындағы танымал туристік Тада-У орнында бақылау мұнарасы құлап, үш адам қаза тапты.

Жер сілкінісі қатты сезілген Тада-У аймағында 300-ден астам адам көз жұмды.

Жергілікті тұрғындар ауылдағы ғимараттар қирап, кейбір адамдар әлі үйінді астында қалып қойғанын хабарлаған.

28 наурызда Мьянманың орталығында 7,7 және 6,4 балдық екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулерін Таиланд пен көршілес бірқатар елдердің тұрғындары сезінген.

3 сәуірдегі жағдай бойынша жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 3145 адамға, жараланғандар саны 4589-ға өсті. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.  

Еске салсақ, 28 наурызда Мьянмада 7,9 балдық жер сілкінісі тіркелгені хабарланды.

Жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі болды.

Сол күні жер сілкінісі 50-ден астам адамның өмірін қиғаны анықталды. Алайда кешке қаза тапқандар саны 144-ке жеткені айтылды.

Кейіннен Мемлекет басшысы Мьянма Премьер-министрі Мин Аун Хлайнға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Сонымен қатар, Мьянмадағы жер сілкінісінің болжамды себебі аталды.

Бүгін Мьянма жағалауында тағы да жер сілкінгені анықталды. Жер сілкінісінің ошағы 4,5 миллионға жуық адам тұратын Янгон қаласынан оңтүстікке қарай 142 шақырым жерде жатыр. Жер сілкінісінің ошағы 10 км тереңдікте орналасқан көрінеді.

Соңғы жаңалықтар