Мьянмадағы жер сілкінісі: жүздеген адам жоғалып, 2400-ге жуығы жараланды
АСТАНА. KAZINFORM — Мьянманың орталығындағы Мандалай қаласында магнитудасы 7,7 болған жойқын жер сілкінісі салдарынан жүздеген адам қаза тапты. Жерасты дүмпулері көршілес Таиландтың Бангкок қаласына дейін сезілді, деп хабарлайды Euronews.
Мьянмадағы 7,7 магнитудалы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1000-нан асты, ал билік өкілдері бұл санның едәуір артуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Жер сілкінісі жұма күні жергілікті уақыт бойынша түске таяу Мьянманың орталығындағы Мандалай қаласында болып, әлемнің ең кедей елдерінің бірінде ауқымды қирауға әкелді.
Азаматтық соғыс жағдайындағы Мьянмада ақпарат қатаң бақыланатындықтан, апаттың нақты ауқымы бірден белгілі болған жоқ.
– Қаза тапқандар мен жараланғандар санының өсуі ықтимал, – деп мәлімдеді Мьянма әскери үкіметінің басшысы, аға генерал Мин Аунг Хлаинг телеарна арқылы соңғы мәліметтерді жариялап.
Қазіргі уақытта жүздеген адам із-түзсіз жоғалып кеткен деп есептелсе, жарақат алғандар саны 2400-ге жуық.
Таиланд астанасы Бангкокта да кемінде 10 адам қаза тапты. Бұл қала эпицентрден 1330 км қашықтықта орналасқан. Құрылысы жүріп жатқан көпқабатты ғимараттың опырылуы салдарынан оннан астам адам жарақат алып, 100-ден астамы із-түзсіз жоғалды.
Мьянмадағы жер сілкінісінен кейін 50-ден астам афтершок тіркелді, олардың ең күштісі 6,4 магнитудалы болған.
АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауы бойынша, қаза тапқандар саны 10 000-нан асуы мүмкін.
Мандалайда бірнеше ғимарат, соның ішінде қаланың ең ірі будда ғибадатханаларының бірі қираған. Нейпьидо қаласында құтқарушылар мемлекеттік қызметкерлер тұратын ғимараттардың қирандылары астынан адамдарды шығарып жатыр.
Мьянма үкіметі қан донорлығына сұраныс жоғары екенін хабарлады. Бұрынғы билік шетелдік көмекті қабылдауға асықпағанымен, Мин Аунг Хлаинг бұл жолы халықаралық көмекті қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
БҰҰ алғашқы көмек ретінде 5 миллион доллар бөлді. АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның да көмек көрсетуге дайын екенін айтты, алайда кейбір сарапшылар оның әкімшілігі шетелдік көмекті қысқартқанын ескеріп, бұл уәденің орындалуына күмәнмен қарайды.
Малайзия, Ресей және Қытай сынды елдер зардап шеккен аудандарға құтқарушылар жіберді.
Алайда қираған жолдар, құлаған көпірлер мен жарылған бөгеттер туралы хабарламалар құтқару жұмыстарының қиындайтынын көрсетіп отыр.
Айта кетейік, жұма күні Мьянмада магнитудасы 7,9 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелген.
Таиландта жер сілкінісіне байланысты эвакуация жұмыстары жүргізілді, Бангкокта көпқабатты ғимарат құлады. Елдің премьер-министрі Бангкокты «төтенше жағдай аймағы» деп жариялады.
Мьянмада да апаттан зардап шеккен аймақтарда төтенше жағдай енгізілді.
Қазіргі таңда Таиландта 4 457 қазақстандық турист бар.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, елшіліктерге отандастардан көмек сұрау туралы өтініш түскен жоқ.