MyArmy.kz жобасы жастардың талабына сай жасалды – Арман Қалышев

АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы Арман Қалышев MyArmy.kz жобасының артықшылықтарын айтып берді.

Арман Қалышев
Фото: видеодан алынған скрин/Jibek Joly

– Жоба жалпы жастардың талабына негізделген. Яғни, түрлі мамандықтарды меңгерген жастардың біліктілігін әскерде шыңдау міндеті қойылған. Нақты айтар болсақ, әскер қатарына шақырылған сарбаздар ол жерде мамандығы бойынша жұмыс істейді. Егер сарбаз ІТ маманы болса, оны осы салаға қатысты ротаға жібереміз. Егер спорттық дайындығы мықты болса, онда спорттық роталарға бөлеміз. Жалпы «Сарбаз плюс» жобасы негізінде коворкинг алаңы, лаундж алаңы, воркаут алаңдары жетілдіріледі, - деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында.

Спикердің айтуынша, жобаның тағы бір артықшылығы бар. Сарбаздар мұнда радиобайланыс, желілік технологиялар және дрондардың операторы сынды мамандықтарды меңгереді.

– Одан басқа осы әскери бөлімнің негізінде кітаптар қоры кеңейтіліп, жастардың бойына отансүйгіштік пен патриоттық сезім қалыптастырылады. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал осы MyArmy.kz сайты соның тек бір ғана бөлігі, - деді ол өз сұхбатында.

Арман Қалышев сайт әзірше пилотық нұсқада жұмыс істеп тұрғанын, әскерге барушылар бүгінге тек бір ғана әскери бөлімді таңдай алатынын айтты. Алғашқы нәтижелер де жаман емес. Бірнеше әскери қызметші біліктілігін арттырып, қосымша мамандық меңгеріп шыққан. БАҚ беттерінде хабарландырулар таратылғалы бері, қатысушылар саны да күрт өскен.

Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі MyArmy.kz порталын іске қосқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар