Нахчыван келісіміне қандай өзгерістер енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінде «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу хаттамасын ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

2022 жылы 11 қарашада Самарқандта Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың айтуынша, бұл хаттама арқылы негізгі келісімге 10 өзгеріс енгізу қарастырылған. Оның алғашқы 4 бабы ұйымның атауы мен нысанын өзгертуге бағытталған.
– Атап айтқанда, хаттаманың 1-бабы негізгі келісімнің атауын «Түркі мемлекеттері ұйымын құру туралы Нахчыван келісімі» деп өзгертуді, ал 2-бабы Түркі мемлекеттері ұйымы деп аталатын толыққанды халықаралық ұйым құруды көздейді. Қалған 2 бап техникалық және редакциялық өзгерістерді қамтиды, – деді Ә. Бақаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Түркі ынтымақтастық институттарының ресми мәртебелерін айқындау мақсатында хаттаманың 5-бабы түркі интеграциясы шеңберіндегі ұйымдарды екі санатқа бөлуді қарастырды. Біріншісі – сабақтас органдар ретінде Түрксой мен ТүркПА анықталды. Екіншісі – үлестес ұйымдар ретінде Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры көрсетілді.
Хаттаманың 6,7, 8, 9 және 11-баптары ұйымдағы мемлекеттер басшыларының жыл сайын бейресми отырыстарын өткізу, ұйым құрылымдары әзірленген құжаттарды қабылдау рәсімі, ұйымның төрағалық тәртібі бағытындағы өзгерістерді қамтиды.
– Хаттаманың 10-бабында Түркі мемлекеттері ұйымы жанында мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға және басқа да құрылымдарға байқаушы мәртебесін беру нормасы көзделген. Бұл ретте әртүрлі құрылымдарға байқаушы мәртебесін беру оны ұйым шеңберінде тәуелсіз мемлекет және халықаралық құқық субъектілері ретінде тану мағынасына жатпайды, – дейді министрлік өкілі.
Сондай-ақ, хаттаманың 12-бабы Нахчыван келісімінің күшіне ену үшін қажетті жолданатын жазбаша хабарламаға қатысты өзгерісті көздейді. Құжаттың күшіне енуі үшін оны ұйымның барлық мүше мемлекеттері ратификациялауы қажет. Бүгінгі таңда хаттаманы Әзербайжан мен Түркия ратификациялаған.