Наполеонның әшекейлері қолды болған: Париждегі Луврге ұры түсті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ұрлық жайында нақты мәліметтер әлі толық жарияланған жоқ. Лувр әкімшілігі аталған жағдайға байланысты мұражай бір күнге жабылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform euronews.com сайтына сілтеме жасап.
Францияның ең үлкен мұражайы Луврды тонап кетті. Францияның мәдениет министрі Рачида Дати әлеуметтік желіде оқиғаның таңертең болғанын және зардап шеккендердің жоқтығын хабарлады.
– Мен мұражай қызметкерлерімен және полициямен біргемін, - деп қосты ол.
Нақты не ұрланғаны белгісіз.
Оқиғаның қалай болғаны және нақты ненің ұрланғаны әзірге толық хабарланбады. Бірақ франциялық БАҚ-тардың мәліметінше, Наполеон мен императрицаның зергерлік бұйымдар топтамасынан 9 зат, оның ішінде алқа, брошь, диадема және басқа да зергерлік бұйымдар қолды болған.
Осы оқиғаға байланысты мұражай күні бойы жабық болды.
Еске сала кетейік, осыған дейін Франция президенті әлемдегі ең көп баратын мұражайды жаңғырту үшін күрделі жөндеу жүргізілетінін мәлімдеген болатын.