Нарыққа шетелдік банктердің келуіне мүдделіміз — Қаржы нарығын реттеу агенттігі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан аумағында филиалын ашқысы келген шетелдік банктер активіне қойылатын талап 10 млрд долларға дейін төмендетілді. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты.

О. Қизатовтың айтуынша, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Шығыс Еуропа банктері тарапынан қызығушылық бар.
— Бұл банктердің атауларын нақты айта алмаймыз, себебі олар қазір банк нарығына кіру мүмкіндігін қарастыру кезеңінде тұр. Әзірге ешқандай түпкілікті шешімдер қабылданған жоқ, сондықтан мұндай ақпаратты жариялай алмаймыз. Бірақ белгілі бір қызығушылық бар. Неге десеңіз, біз қазіргі заңнамалық нормалар аясында банк филиалдарын ашуға қойылатын талаптарды төмендетіп жатырмыз. Яғни, қазір шетелдік банк Қазақстан аумағында өз филиалын ашқысы келсе, оның активтері кемінде 20 млрд АҚШ долларын құрауы керек. Бұл норма бес жыл бойы қолданыста болғанымен, бірде-бір шетелдік банк Қазақстанда филиал ашпады. Өзіміздің қадағалау аясындағы ақпаратқа сүйеніп, бізбен тығыз сауда және экономикалық байланыстағы елдер тарапынан банк ашуға қызығушылық барын байқап отырмыз. Ол елдердегі банктердің активтері қандай екенін зерттедік. Сол зерттеулер негізінде талапты 20 млрд-тан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендету ұсынылды, — деді О. Қизатов Сенатта өткен брифингте.
Оның айтуынша, талаптарды төмендету шетелдік банктердің Қазақстан нарығына кіру процесін жеделдетеді.
— Шетелдік банктер қазір бар мүмкіндікті зерделеп жатыр. Біз ірі шетелдік банктердің келуіне мүдделіміз. Егер олар құжаттарын тапсырса, біз ол құжаттарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде қарауға тырысамыз, — деді агенттік өкілі.
Айта кетейік, бүгін Сенат тұтынушылар құқығын қорғау заңына 24 түзету енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды. Заңда Қазақстанда шетелдік банктерді ашуға қойылатын талаптарды жеңілдетуге бағытталған түзетулер де бар.