Насымжан Оспанова Астананың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болды

АСТАНА. KAZINFORM — Насымжан Оспанова ротация тәртібімен Астананың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болып тағайындалды. 

Насымжан Оспанова
Фото: Балалардың құқықтарын қорғау комитеті

Ол Оқу-ағарту министрлігінің аумақтық департаментін басқарып, министрлік жүйесіндегі қызметін жалғастырады.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова Насымжан Оспанова балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, жаңа қызметіне табыс тіледі.

Насымжан Оспанова еңбек жолын өндірістік оқыту шебері болып бастаған. Оқытушы, директордың орынбасары және колледж басшысы қызметтерін атқарған. 2017 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментін, ал 2022 жылғы қазаннан бастап Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетін басқарды.

Жаңа қызметінде Насымжан Жамбекқызы елордадағы білім сапасын қамтамасыз ету және білім беру процесіне қатысушылардың құқықтарын сақтау бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы ауысқанын хабарлаған едік.