Науқас көп, кезек аз: енді учаскелік дәрігерлер үй аралап, ем жүргізбейді
АСТАНА. KAZINFORM — Енді учаскелік дәрігерлер науқастың шақыртуы бойынша үй-үйді аралап, ем-шара жасамайды. Астанадағы № 5 қалалық емханасы жыл басынан бері дәл осындай тәртіппен жұмыс істейді.

Жаңа жүйе алғашында пилоттық жоба ретінде іске қосылған. Емхана басшылығының айтуынша, бұл өзгеріс учаскелік дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, қабылдау уақытын 6 сағатқа дейін ұзартуға мүмкіндік берді.

— Бұрын дәрігерлер күніне 4 сағат қабылдау жасап, қалған уақытында үйге шақыртуларға баратын. Қазір олар тек емханада қабылдау жүргізеді. Бұрын 4 сағатта 16 адамды көрсе, енді 24 науқасты қабылдай алады, — дейді № 5 қалалық емхананың директоры Алтыншаш Табулдина.
Ал денсаулығына байланысты емханаға өз бетімен келе алмайтын науқастарға арнайы мобильді бригада көмек көрсетеді.

— Егер науқас хабарласып, шағымын айтса, алдымен жағдайды нақтылаймыз. Егер ол адам емханаға келе алса, оны осында шақырамыз. Себебі қосымша УДЗ, анализдер жасау қажет болуы да мүмкін. Ал науқастың келуге мүмкіндігі болмаса, мобильді топ бұрынғы учаскелік дәрігерлер сияқты үйіне барып, қажетті ем-шараны жүргізеді, — дейді Алтыншаш Табулдина.
Емханада шұғыл жағдайларға арналған медициналық көмек көрсету бөлімшесі ашылған. Бұған дейін бөлек жұмыс істеп келген фильтр, call-орталық және көмек кабинеттері осы бөлімше аясында біріктіріліпті.

— Шұғыл көмек көрсету бөлімшесін пилоттық режимде бастадық. Содан бері дәрігерді үйге шақыру саны 15%-ға қысқарды. Бастапқыда күніне 4–5 адам ғана келетін. Қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті. Артық кезек күтпей, жазылмай-ақ көмек алуға болады, — дейді емхана директоры.
Жаңадан ашылған бөлімше 12 сағат бойы науқастарға шұғыл көмек көрсетеді.
— Біз таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейміз. Сенбі күні де қызмет етеміз. Күніне 30-дан 60 адамға дейін қабылдаймыз. Жеңіл травмалармен, инфекциялық жаралармен, созылмалы аурулардың асқынуымен немесе түрлі ауырсынумен науқастар жиі келеді, — дейді шұғыл көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Қарнақбаева.


Науқастар 57-63-20 немесе 57-63-62 нөмірлері арқылы call-орталыққа хабарласа алады. Телефонға фельдшер жауап беріп, жағдайға сай әрекет етеді.
— Егер науқастың жағдайы шұғыл болса, бірақ өздігімен жүре алатын болса және ол бұйрықтағы жедел жәрдем көрсетілетін аурулар тізіміне кірмесе, біз оны шұғыл көмек бөлімшесіне немесе фильтрге шақырамыз. Мұнда дәрігер толық қарап, қажет болса анализдер мен қосымша тексеру жүргізеді. Кей жағдайларда бейінді мамандар мен процедуралық кабинет көмегіне де жүгінеміз, — дейді дәрігер.

Қарлығаш Қарнақбаеваның айтуынша, бөлімшеге келетін науқастардың үштен бірі міндетті түрде процедуралық кабинет көмегіне жүгінеді.
— Бөлімше қызметкерлері бірін-бірі алмастыра алады. Егер процедуралық кабинетке маман жетіспей жатса, call-орталықтың мамандары көмекке келеді. Немесе фильтр кабинетінің мамандары жәрдемдеседі. Күніне қабылданған науқастардың үштен бірі процедуралық кабинетте ем қабылдайды, — дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін енді емханаларда мейіргерлердің науқас қабылдай алатынын хабарлаған едік.
Одан бөлек, министрлік бекіткен жаңа модуль бойынша педиатр-дәрігерлер балаларды тікелей қабылдайды.