«Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қандай жұмысшылар қатыса алмайды

АСТАНА. KAZINFORM –  «Отбасы банк» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қандай жұмысшылар қатыса алмайтынын айтты.

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қандай жұмысшылар қатыса алмайды
Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

— «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша жұмысшы мамандық иелерінен бөлек өтінім қабылданады. Сондықтан 17 наурызда «Отбасы банктің» филиалдарында кез келген сәтте өтінім беру мүмкіндігі ашылады. Бұл жерде дәл қазір жұмысшы мамандықта жұмыс істеп жүрген адамдарға басымдық береді.

Өтінімдер шынайы уақыт режимінде қабылданады. Яғни, филиалға кім бірінші келсе, соның пәтерді бірінші таңдап, борыш алуға мүмкіндігі болады. Өтінім беруші жұмыс жеріне анықтама әкелуі керек. Банк қызметкері сол анықтама бойынша жұмыс берушінің БСН-і арқылы қай саланың кәсіпорны екенін анықтайды.

Бірінші кезекте тау-кен, қайта өңдеу, өнеркәсіп мамандығының жұмысшыларына басымдық беріледі. Сондай-ақ энергетика, көлік, ауыл шаруашылғы және су ресурстары мамандықтарына баса мән беріледі. Осыдан кейін өтінім берушінің шынымен жұмысшы мамандығының өкілі екенін анықтаймыз. Яғни, технолог, сынама алушы, жүргізуші деген сияқты кәсіп иелері болуы керек. Аталған салалардың ұйымдарындағы кеңсе менеджері, бухгалтер, PR-менеджер болып жұмыс істейтін адамдар «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қатыса алмайды, - деді Ләззат Ибрагимова.

Сондай-ақ ол бағдарлама бойынша берілетін несиенің ең жоғары сомасын атады.

— Тексеруден кейін өтінім иесі пәтер таңдай алады. Астана, Алматы қалаларында ең жоғары сома 36 млн теңге болып белгіленді. Қалған өңірлердің облыс орталықтарында 30 млн теңге болады.

Сатып алынатын пәтерді шаршы метр мен бағасы нақты қойылған Baspana Market порталынан таңдап алу керек болады. Бұл аталған пәтердің бағасы өсіп кетпеу үшін жасалып отыр. Егер, мысалы, теміржолшы Астанадан 80-90 шақырым жерде тұратын болса, өзі тұратын моно қалада немесе аудан орталығында пәтер алғысы келсе, бірақ онда бастапқы баспана болмаса, қайталама нарықтан алуына рұқсат беріледі. Сондай-ақ пәтер әрленген болса, алғашқы жарнасы 10 пайызға дейін төмендетіледі, - деді ол. 

Еске салсақ, жыл басында Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмысшыларға арналған жеке ипотеканы іске қосуды тапсырған еді. 

Соңғы жаңалықтар