Nazarbayev University-де шетелдік студенттер саны рекордтық деңгейге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа оқу жылында Nazarbayev University (NU) тарихындағы ең көп шетелдік студентті қабылдады. Осылайша, университеттің халықаралық студенттік қауымдастығы кеңейіп, бүгінде NU-да әлемнің 40 елінен келген жастар білім алып жатыр.
Олардың қатарында АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Вьетнам, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары бар.
Жаңа оқу жылы басталар алдында шетелдік студенттерге арналған бейімделу және интеграция мәселелеріне бағытталған ақпараттық сессия өтті. Кездесу барысында студенттерге оқу кезінде қолжетімді қолдау шаралары мен қажетті ресурстар таныстырылды.
NU-дың студенттік істер және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Қадиша Дайырова студенттерге арнаған сөзінде университеттің құрылу тарихы мен оның Қазақстанда және әлемнің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген түлектері туралы айтып берді.
— Біздің түлектеріміз кәсіби жолдарын әртүрлі бағытта қалыптастырды. Олар халықаралық ұйымдарда жұмыс істейді, өз компаниялары мен стартаптарын құрады, ал көпшілігі әлемнің жетекші университеттерінде білімін жалғастырып жатыр. Университетте оқудың алғашқы жылдарынан бастап сіздерді оның өміріне белсенді араласуға, тағылымдамадан өту және кәсіби даму мүмкіндіктерін іздеуге шақырамын. Дәл осы тәжірибе өз кәсіби жолдарыңызды қалыптастыруға көмектеседі, — деді Қадиша Дайырова.
Студенттерді NU вице-президенті Әсел Увалиева да құттықтады. Оның айтуынша, университетке қабылданған сәттен бастап шетелдік студенттер NU тарихының бір бөлігіне айналып, оның дамуына өз үлесін қоса алады.
— Осы сәттен бастап сіздер жай ғана NU студенттері емессіздер. Сіздер біздің тарихымыздың бір бөлігіне айналасыздар. Отандарыңыздағы достарыңызбен және жақындарыңызбен болған әр әңгіме, бөліскен әр сурет, әр тәжірибе мен әсеріңіз әлемнің әртүрлі елдерінде Қазақстан мен университет туралы түсініктің қалыптасуына ықпал етеді, — деді Әсел Увалиева.
Еске салайық, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек магистратураның конкурстық іріктеу қорытындысы 24 тамыз күні жарияланатынын хабарлаған еді.