Неліктен Отбасы банк Астанадағы «Думан» қонақүйін сатып алды

АСТАНА. KAZINFORM — «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Үкіметтегі брифингте Отбасы банк Астанадағы «Думан» қонақ үйін не үшін сатып алғанын түсіндірді.

Неліктен Отбасы банк Астанадағы «Думан» қонақүйін сатып алды
Фото: instagram.com/duman_hotel

Оның айтуынша, «Думан» қонақ үйі — мемлекетке қайтарылған актив.

— Осы активті іске асыру саясаты аясында оны аукционда сатуға бірнеше талпыныс жасалды, бірақ ұсынылған баға бізді қанағаттандырмады. Бұл ғимарат көлемі мен кейбір параметрлері бойынша Отбасы банктің көшуіне дәл сәйкес келді, себебі банктің өзіне арнайы мүмкіндіктер қажет еді. Сондықтан бұл нысан бізге қолайлы болды, — деп түсіндірді Қарағойшин.

Басқарма төрағасының сөзінше, Отбасы банк заң шеңберінде конкурсқа толыққанды қатысып, ғимаратты сатып алған және қаражатты мемлекетке аударған.

— Біз өз есептерімізді жүргіздік, ашық дереккөздерге қарасаңыздар, көре аласыздар. Жаңа ғимарат салу әлдеқайда қымбатқа түсетін еді, ал бұл нысанның баланстық құны мәміле үшін өте қолайлы болды, — деді холдинг басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін елде заңсыз шығарылған активтерді қайтару тетігі күшейтілгені жөнінде жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум