Нетаньяху: Израиль Газа секторын толық бақылауына алады
AСТАНА. KAZINFORM — Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль Газа секторының бүкіл аумағын бақылауға алуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол 19 мамыр, дүйсенбі күні өзінің Telegram-арнасында жариялаған видеоүндеуінде айтты, деп жазады DW.

— Қарқынды ұрыстар жүріп жатыр, біз алға жылжып келеміз. Біз бүкіл секторды бақылауға аламыз. Бірақ бұл үшін бізді ештеңе тоқтата алмайтындай әрекет етуіміз керек, — деді Нетаньяху.
Оның айтуынша, әскер аймақта тәртіпті қамтамасыз етіп, гуманитарлық көмектің тоналуына жол бермеуі тиіс.
Газа секторына гуманитарлық көмек
Израиль үкіметі 19 мамырдан бастап Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге қайта рұқсат берді. БҰҰ мен басқа да бақылаушы ұйымдар бұған дейін бірнеше рет ескертіп, көмек болмаса палестин халқы аштыққа ұшырайтынын мәлімдеген еді. Көмек Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) мен World Central Kitchen ұйымы арқылы жеткізіледі. Израиль әскері мен қауіпсіздік күштері олардың аймаққа кіруін бақылайды.
Израиль билігі наурыз айының басында гуманитарлық көмекті өткізуге тыйым салған. Үкіметтің мәлімдеуінше, аймақта әрекет ететін ХАМАС лаңкестік ұйымының содырлары көмекті иемденіп, қайта сатып, қару-жарақ үшін қаржы тауып жатыр.
Газа секторындағы жаңа шабуыл
Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) жаңа ауқымды шабуылы 17 мамырда басталды. Израиль күштері аймақтың солтүстігінде, оның ішінде Газа қаласы маңында операцияларын кеңейтті. Ұрыстың мақсаты — радикалды исламистік ХАМАС тобын жою және 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС ұрлап әкеткен тұтқындарды босату.
ЦАХАЛ күн сайын Газа секторындағы нысандарға соққы беріп жатыр. Палестиналық WAFA агенттігінің хабарлауынша, 19 мамыр күні түнде Израиль Хан-Юнис қаласына жаппай әуе шабуылын жасаған. Салдарынан 17 адам қаза тапты. Агенттік олардың ХАМАС содырлары ма, әлде бейбіт тұрғындар ма нақтыламаған.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы
2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС қозғалысы Израильге жаппай шабуыл жасап, Таяу Шығыстағы жағдай күрт ушығып кетті. Еуропалық Одақ пен АҚШ-та лаңкестік ұйым деп танылған ХАМАС Израильге зымыранмен соққы беріп, ел аумағына басып кіріп, Израиль тарихындағы бейбіт тұрғындарға қарсы ең жаппай қырғын жасады — шамамен 1200 адам қаза тапты. Сонымен қатар 250-ден астам адам тұтқынға алынып, Газа секторына әкетілді. Олардың бір бөлігі айырбасталды немесе босатылды, қалғандары қаза тапқан.
Жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа соғыс жариялады. ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Газа секторындағы құрлық операциялары мен бомбалау кезінде 53 мыңнан астам палестиналық қаза тапты, тағы 120 мыңнан астамы жараланды. Алайда бұл статистикада қанша содырдың көз жұмғаны нақты көрсетілмеген.
Айта кетейік, бұған дейін Газа секторына жуырда жасалған соққыларда төрт журналист мерт болғанын жаздық.