Нетаньяху кепілге алынғандарды қайтарғандарға ақша уәде етті
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израильге кем дегенде бір кепілді қайтарған кез келген адам отбасымен бірге Газа секторынан аман-есен шығып кете алатынын және бес миллион доллар алатынын айтты. Бұл туралы РИА Новости жазды.

– Мен бұл жағдайдан арылғысы келетіндерге өтініш айтамын. Израильдік тұтқындардың кем дегенде біреуін бізге тапсырған адам отбасымен бірге Газадан аман-есен шыға алады, таңдау өздеріңде, – деді Нетаньяху Газаға сапары кезінде.
2023 жылдың 7 қазанында Израиль Газа секторынан бұрын-соңды болмаған зымырандық шабуылға ұшырады. Осыдан кейін палестиналық ХАМАС қозғалысының содырлары шекаралық аймақтарға кіріп, әскерилер мен бейбіт тұрғындарға оқ жаудырып, 200-ден астам адамды кепілге алды. Биліктің мәліметінше, сол күні Израиль жерінде 1,2 мыңға жуық адам қаза тапқан.
Бұған жауап ретінде Израиль қорғаныс күштері азаматтық нысандарға шабуылдарды қамтитын «Темір қылыштар» операциясын бастады және Газа секторын толық қоршау туралы жариялады: су, электр қуаты, отын, азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізу тоқтатылды.
Израильдің 2023 жылғы 7 қарашада жасаған соққысынан бері Газа секторында қаза тапқандардың саны 44 630 адамға жеткен, оның ішінде 16 765 бала бар. Бұл туралы Палестина үкіметі мәлім еткен.