Нетаньяху Трамппен тағы бір кездесу өткізетінін растады

ТЕЛЬ-АВИВ. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың канцеляриясы оның АҚШ президенті Дональд Трамппен тағы бір кездесу өткізетінін растады. Қазіргі уақытта Израиль премьері Вашингтонда сапарда жүр, деп жазады ТАСС.

Биньямин Нетаньяху
Фото: Анадолы

Канцелярия таратқан мәліметке сәйкес, екі көшбасшының кездесуі жергілікті уақыт бойынша сағат 16:30-да (Қазақстан уақытымен 01:30) Ақ үйде өтеді.

Бұған дейін The Times of Israel басылымы Израиль премьерінің кеңсесіндегі дереккөздерге сілтеме жасап, Нетаньяху мен Трамптың қайта кездесу мүмкіндігі жайлы хабарлаған.

Нетаньяху 7 шілде күні Вашингтонға келген. Сол күні кешке оның Трамппен алғашқы кездесуі өткен. The Times of Israel басылымының жазуынша, Израиль шенеуніктері бұл кездесуді «өте жылы әрі достық атмосферада өтті» деп бағалаған.

Айта кетейік, Израиль премьер-министрі Нью-Йоркке баруды жоспарлап отыр. АҚШ-тың Демократиялық партиясынан қалалық мэр қызметіне үміткер Зохран Мамдани Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) шығарған ордерге сүйене отырып, Биньямин Нетаньяхуды қамауға алуға уәде еткен.

Сондай-ақ, Израиль толыққанды егеменді Палестина мемлекетін құруға және оған әсіресе қауіпсіздік саласындағы негізгі өкілеттіктерді беруге келіспейді. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху дүйсенбі күні Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінде журналистердің сұрақтарына жауап берген сәтте мәлімдеген.

АҚШ-та Нетаньяхудың сапарына қарсы наразылық акциясы өтті.

Соңғы жаңалықтар