Нигерияда тырысқақ ауруынан 13 адам қайтыс болды
АСТАНА. KAZINFORM – Нигерияның орталық бөлігінде орналасқан Нигер штатында тырысқақ індеті таралып, соңғы мәліметтер бойынша 13 адамның өмірін қиды. Бұл туралы штаттың базалық медициналық қызметтер жөніндегі комиссары доктор Ибрагим Ахмед Дангана мәлімдеді, деп жазады Anadolu.

Оның айтуынша, ауру өңірдің алты ауданында таралған. Қазіргі уақытта тіркелген жағдайлардың жалпы саны 239-ға жетті. Індеттің алдын алу мақсатында зардап шеккен әр ауданға арнайы емдеу және оқшаулау орталықтары ашылған.
Дангана елде тырысқақ деректері көбейіп жатқандықтан, 2024 жылғы 26 маусымда «ұлттық төтенше жағдай» режимі жарияланған еске салды.
Тырысқақ – Vibrio cholerae бактериясынан туындайтын жедел ішек инфекциясы. Ол ластанған су немесе тағам арқылы жұғып, қатты іш өту мен сусыздануға әкеледі. Уақытылы ем қабылданбаса, ауру өлімге соқтыруы мүмкін.
Нигерияда бұл инфекцияның таралуына басты себеп – таза ауызсудың жетіспеушілігі мен сапалы медициналық көмектің қолжетімсіздігі. Елде тырысқақтан бөлек, безгек, полиомиелит, сүзек және маймыл шешегі секілді өзге де қауіпті аурулардың жиі өршіп тұратыны байқалады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Нигерия – тырысқақтан ең көп зардап шегіп отырған Африка елдерінің бірі.
Айта кетейік, бұған дейін Нигерияда Ласса безгегінен қаза тапқандар саны 151 адамға жеткенін жаздық.