Нигерияның орнына Өзбекстан: Қазақстанның тері экспорты 200 тоннаға қысқарды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан сиыр терісінің экспортын азайтып, қой терісін былтырғыдан көбірек сыртқа сатқан. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің статистикасында айтылған. 

тері өңдеу
Фото: pexels.com

Ресми статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың 9 айында 11,7 мың долларға 428,5 тонна сиыр терісі экспортталған. 2024 жылдың дәл осындай кезеңінде 625,2 тонна ірі қара терісі сыртқа сатылған еді.

Биыл сатылған сиыр терісінің 186,1 тоннасы Өзбекстанға, 66 тоннасы Пәкістанға, 176,3 тоннасы Түркияға бағытталған.

Қазақстан үшін дәстүрлі нарық саналып келген Нигерия биыл біздің елден бір де бір тері алмаған. Ал былтырғы 9 айда 140,3 мың долларға 326 тонна тері импорттаған. Ол нарықтың жартысынан астамын Өзбекстан басқан. Олай дейтініміз, былтыр Өзбекстан Қазақстаннан тері импорттайтын елдердің ресми тізімінде болмаған еді. Былтыр Нигерия сиыр терісінің бір тоннасын орташа есеппен 430 долларға сатып алса, Өзбекстан биыл бір тонна теріні 312 долларға импорттаған.

Сондай-ақ, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 17,6 тонна қой терісі сыртқа шығарылған. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш бұдан 2,7 тоннаға аз еді. Осы 17,6 тонна қой терісі түгелдей Өзбекстанға жөнелтілген.

Жыл басындағы дерек бойынша, Қазақстан 2023 жылы 2 млн 548,5 мың дана ірі қара терісі өндіріп, оның 8%-ын (208,3 мың дана) қайта өңдеген, 13,7%-ын (349,6 мың дана) экспорттаған болатын

Соңғы жаңалықтар