Нөсер жаңбырдан кейін Дубайды су басты: бір адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктерінде күшті найзағайлы жаңбыр жалғасып жатыр. Билік тұрғындарды үйлерінен шықпауға, су басу қаупі жоғары аймақтардан аулақ болуға және тұрақсыз ауа райына байланысты сапарды шектеуге шақырып отыр. Қазіргі уақытта нөсер жауыннан кейінгі ауқымды салдарларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп жазды Азертадж.
Gulfnews порталына сілтеме жасап хабарлауынша, алдымен өңірді қуатты құмды дауыл басып, артынан толассыз жауған жаңбыр елдің ең ірі қалаларының бірі — Дубайды су астында қалдырған.
Журналистер таратқан кадрларда қаланың көшелері түгелдей суға толып, қымбат люкс автокөліктердің жол үстінде қалқып жүргені көрінеді. Сонымен қатар қатты жел қонақүйлер жанындағы жағажайларда орналасқан жатын орындар мен қоршауларды зақымдаған.
Қауіпсіздік мақсатында билік бірнеше қалалық саябақ пен қоғамдық жағажайларды уақытша жапты.
Қолайсыз ауа райына байланысты Emirates және flydubai әуе компаниялары бірқатар рейстерді кейінге қалдырды немесе толықтай тоқтатты. Денсаулық сақтау және қоршаған орта министрлігі зардап шеккен аймақтардағы жеке компанияларды 19 желтоқсанда қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшуге шақырды. Ал Абу-Даби қаласында барлық қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылды.
Өкінішке қарай, Рас-эль-Хайма әмірлігінде нөсер жаңбыр кезінде қабырға құлап, 27 жастағы үндістандық эмигрант Салман Фариз қаза тапты.
Ұлттық метеорологиялық орталық ел аумағында жауын-шашын, найзағай, бұршақ, қатты жел, шаңды дауыл және теңіздегі толқынның күшеюі әлі де жалғасуы мүмкін екенін ескертті.
Аrabnews сайтының жазуынша, БАӘ Ұлттық метеорология орталығы (NCM) бейсенбіден жұмаға дейін ел аумағында, оның ішінде Дубай мен астана Абу-Даби қалаларында да жауын-шашын болатынын ескерткен.
Сондай-ақ бейсенбі күні Парсы шығанағының өзге мемлекеттерінде де қатты жаңбыр жауды. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы мен Қатарда нөсер жауын салдарынан «Араб кубогының» үшінші орын үшін өтетін ойыны «Жасыл сұңқарлар» құрамасы мен БАӘ командасы арасында жоспарланған матч тоқтатылған.
Айта кетейік, Дубайда Mercedes-Benz компаниясының элиталы тұрғын үй кешені салынады.