Новак Джокович оныншы рет Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сербиялық теннисші Новак Джокович оныншы рет Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Н. Джокович бүгін финалда грекиялық Стефанос Циципастан 6:3, 7:6 (7:4), 7:6 (7:5) есебімен басым түсті.

Род Лэйвер аренасында үш сағатқа созылған бәсеке барысында сербиялық спортшы 7 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 15 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Новак Джокович 22 рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанды. Бұл көрсеткіш жөнінен ол испаниялық Рафаэль Надальмен теңесті. Н. Джокович сондай-ақ, Уимблдонда – 7, АҚШ ашық чемпионатында – 3, Ролан Гарроста – 2 рет үздік шықты. Р. Надаль Ролан Гарросты – 14, АҚШ ашық чемпионатын – 4, Уимблдон мен Аустралия біріншілігін – 2 реттен ұтты.

Қазіргі кезде әлемдік рейтингіде 5-орында тұрған Н. Джокович ертең көш бастайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның чемпион атана алмағанын жазған едік.

Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет әлемде 10-орынға көтеріледі.

Ал, Тимофей Скатов Чилидегі турнирдің финалына шықты.


Фото: championat.com

Соңғы жаңалықтар